Сырдария өзенінің Қызылорда облысы аумағында сең жүруі ықтимал
«Бірақ өзен деңгейінің әлдеқайда төмендеуіне байланысты жағалаудағы елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ», – дейді мамандар. Дария бойындағы ірі су торабының бірі Қазалы ауданында орналасқан. Онда 11 қауіпті учаске бар, яғни мұз кептелуі мүмкін өзен иіндері. Мұздың қалыңдығы 15-20 см шамасында. Қазір дария бойы 5 жерден үздіксіз бақыланып отыр. Оқу-жаттығу шаралары да пысықталған. Қажетті инерттік материалдар жеткілікті. Қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстары уақытылы атқарылған.
Исахмет Мүсіров, «Қазалысушар» өндірістік учаскесінің басшысы:
- 2019 жылы Қазылы ауданына 230 текше метр су келсе, биыл 90 текше метр ғана келді. 7 текше метрін Ақсай арнасына, 3 текше метрін сол жаға каналына беріп тұрмыз. Қазіргі таңда Қазалы ауданына су өткізу науқанында ешқандай қауіп жоқ деп есептейміз.
Ғалым Сматуллаев, Қазалы аудандық жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы:
- Қорғаныс бөгеттерінің жағдайын зерттеп, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп отырады. Аудан бойынша 9 нысанға жұмыс жасалды. Оның ішінде жетеуіне облыстық бюджеттен қаржы қаралды, екеуіне аудандық бюджеттен қаржы қаралып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Су тасқынына қарсы 227 жеке құрам, 174 техника жұмылдырылады.