Су тасқыны: Аягөз ауданында төтенше жағдай жарияланды
Аягөз өзені ернеуінен асып, Аягөз бен Бозай ауылын байланыстыратын көпірді су шайып кетті. Қазіргі уақытта аймақтағы үш ауданда қарғын суға қарсы күрес жүріп жатыр.
Қазір облыста үш ауданның тұрғындары еріген қар суымен арпалысып жатыр. Жаңа Семей ауданының Қаракөл ауылындағы бірнеше үйдің қора-қопсысына су кірген болатын. Қызыл су елді мекенге Абай ауданы жақтан келген.
Ардақ Ысқақов, ауыл тұрғыны:
- Жылда болмайтын. Биыл осындай су болып тұр ғой. Мына қызыл судың қаптап тұрғаны осы ғой. Былтыр күзде жауын болды. Жерге су сіңіп алды да, су басып кетті. Себебі осы жол ғой. Жолдың мәселесін көтеріп, жолды жасап, ана жерге бөгет қойса. Су ауылға келмейтіндей алдынан.
Отызға тарта түтіні бар ауылға қауіп төніп тұрған жоқ. Судың деңгейі төмендеген.
Азамат Қасым, тілші:
- Судың деңгейі түскенімен, ауылдың сыртында және ауылдың ішінде су әлі бар. Сондықтан Төтенше жағдай мамандары жағдайды бақылауда ұстап отыр.
Жарма ауданының Шар қаласында 14 үйдің ауласын су басқан. Әсіресе Аягөз ауданында жағдай күрделі. Аягөз өзені ернеуінен асып, Аягөз бен Бозай ауылын байланыстыратын көпірді су шайып кеткен. Тасқын салдарынан елді мекенмен қатынас үзілді. Қазір ауданда тасқынға байланысты жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.
Азамат Орымбаев, Облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
- Тек қана Аягөз қаласы бойынша 5 аулаға су кірді. Басқа елді мекендер аман. Біз департаменттен Аягөз қаласына қосымша 15 құтқарушыдан тұратын су тарту құралдары бар жедел топты жіберіп жатырмыз.
Өңірде күн күрт жылығандықтан, Төтенше жағдай мамандары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Ал тасқын қаупі басым үш ауданға 20-дан астам техника жіберіліп, 100-ге тарта құтқарушы жұмылдырылған.
Азамат Қасым, Медет Өмірханов