Атырауда балықшылар салмағы 150 келіге жуық бекіре ұстады
Тартымның алғашқы күні Жайық – Атырау бекіре шабақтарын өсіру зауытының мамандары салмағы 148 келі, ұзындығы 2,2 метр бекіре тұқымдастарына жататын қорытпа балығын шығарды. Балық өсірушілер осындай аналықтың жоқтығынан, өткен екі жылда қорытпа шабағын өсіре алмай келген. Енді сол олқылықтың орны толатындай. Атыраудағы бекіре шабақтарын қолдан өсіретін екі зауыт жылына 7 млн дана шабақ шығарады. Оның ішінде орыс бекіресі, шоқыр, пілмай, сүйрік пен қорытпа бар. Мамандар: «Алып балықтың бойында 25 келіден астам уылдырық бар», – дейді. Ол арнайы тоғанға жіберіліп, бағымға алынды.
Ғилыман Сәрсемәлиев, Бекіре зауытының директоры:
- Шамамен 1 млн-ға жуық уылдырық аламыз. Ал шабағы сол 50-60 мыңның шамасында деп есептеп отырмыз. Әлі ерте. Өзінің уылдырық шашатын температурасы келген кезде, шамамен сәуір айының ортасына қарай тұқым аламыз.