Хабар телеарнасы

Атырауда мал сойған қасапшы күйдіргі ауруын жұқтырған

Атыраудағы мал базарында жұмыс істейтін қасапшының күйдіргі ауруын жұқтырғаны расталды. Сынама қорытындысын денсаулық сақтау басқармасы жариялады.

18 жастағы Өзбекстан азаматы өткен аптада инфекциялық ауруханаға түскен. Қазір жағдайы қалыпты, ем қабылдап жатыр. Бұған дейін облыс орталығындағы «Асыл агро» мал базарынан екі сиырдың өлексесі табылған еді. Оның біреуінен сібір жарасы анықталып, базар карантинге жабылды. Өзге мал базары мен мал сою орындары бақылауға алынды. Ал қалаға кіреберісте төрт-түлік пен ет тасыған кәсіпкерлер жаппай тексеріліп жатыр.

Алмагүл Әбілова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары: 

- Науқастың күні бүгінде дене қызуы қалыпты. Жалпы жағдайы қанағаттанарлық. Гемодинамикасы қалыпты. Емін жалғастыруда. Емі арнайы емдеу хаттамаларына сәйкес антибиотик терапиямен жүргізілетін болады.