Хабар телеарнасы

Су тасқыны: БҚО-да кәсіпкерлер шығыны өтелді

Батыс Қазақстан облысында биылғы су тасқынынан кәсіпкерлерге келген шығын көлемі 4,5 млрд теңгеден асады. Арнайы құрылған өңірлік комиссияға бизнес өкілдерінен 87 өтінім түскен. Күні бүгін 34 кәсіпкердің есепшотына жалпы сомасы 1 млрд теңге қаржы аударылған.

Табиғи апаттан айтарлықтай зардап шеккен ауданның бірі – Теректі. Баспанасыз қалған тұрғындар үшін ауданда 130 үй жаңадан салынса, 26 бизнес өкіліне тиісті көмек көрсетілген. Өтемақыға қол жеткізгендердің қатарында кәсіпкер Бақтыгүл Имашева да бар. Оның сауда орталығы қырдан құйылған қызыл су астында қалған.

Бақтыгүл Имашева, кәсіпкер:

- Су қатты кетті, баспалдақтан атқылап кетті. Мында екі бутикте қысқы курткалар болды. Өзім жоғарыда жұмыс істегенмін. Мында бір апайларым тұратын еді. Олар сұранып кетіп қалған соң, жалғыз өзім не істерге білмей қалдым. Кетті, суға кетті. Көтере алмаймын, шығара алмаймын. 

Қалияр Айтмұхамбетов, БҚО әкімінің орынбасары:  

- Биылғы су тасқыны салдарынан халықпен бірге кәсіпкерлік субьектілері де зақымданды. Бүгінгі күнге дейін комиссия жұмыс істеп келді. 87 зардап шеккен кәсіпкердің 85-і комиссиядан өтті. Алдын ала болжам бойынша 4,6 млрд шығын келтірілді.