Қазақстанның Ресеймен шекаралас өңірлерін су басу қаупі бар
Оның жартысына жуығы – Қазақстанмен шекаралас жатқан ауыл-аймақтар. Ал Қостанай облысының сала мамандары: «Көрші елден келетін судың көлемі көп бола қоймас», – деген болжам айтады. Себебі Челябі облысында ылғал мөлшері орташа норма денгейінде. Алайда тосын жағдай туындауы мүмкін екенін екі жақ та жоққа шығармайды.
Ресейдің оңтүстік Орал өңірінен Қостанай облысына екі бағыттан су келеді. Бірі Сымтасты, Бірсуат өзендерінен Желқуар арқылы Тобыл өзеніне келіп құйса, екіншісі Челябі облысына қарасты Қарталыдан бастау алатын ағынды су Әйет өзенімен жалғасып жатыр. Өздеріңіз көріп отырғандай, мұз беті аздап жіпсігенімен, қатты ағым байқалмайды. Бірақ, ресейлік мамандардың айтуынша, ауа райы күрт жылынатын болса, шекаралас елді мекендерді су басу әбден мүмкін.
Егор Пахомов, Челябі облыстық ТЖБ баспасөз қызметінің басшысы:
- Әдеттегідей бізде Таулы зауыт ауданы, оңтүстікте Қазақстанмен шектесетін Бредин, Варна, Троицк және Қарталы аудандары қауіпті аймақтар саналады. Бұл аумақтарда қар біршама қалың, алдағы күндері де жаууы мүмкін. Сондықтан аталған өңірлер бізде ерекше бақылауда.
Челябі облысында су тасқынының екі толқыны болады деп күтіліп отыр. Біріншісі сәуір айының алғашқы онкүндігінде, екіншісі мамыр айының басында.
«Ал Тобыл өңірінің су қоймалары сырттан келетін суды қабылдауға толық дайын», – дейді жергілікті мамандар.
Ғабдолла Қойшин, «Қазсушаруашылығы» РМК ҚФ бөлім басшысы:
- Орынбор, Челябі облыстарынан Жоғарғы Тобыл қоймасына 200 млн текше метр су келеді деген болжам бар. Варварин, Варна жағынан Қаратомар қоймасына 140 млн текше метр су құйылады деп күтіліп отыр. Сонда жалпы көлем – 340 млн текше метр. Ал біздің қоймаларда 600 млн текше метр бос орын бар.
Алайда қазір алқаптардан келетін ағынды суды болжап айту қиын. Егер күрт ерісе, сай-саланың бөгетін жырып, арнасынан асуы ықтимал. Облыс бойынша 98 елді мекенді су басуы ықтимал.
Орынқыз Меңдібаева, Қостанай облыстық ТЖД басқарма басшысының орынбасары:
- Қазіргі уақытта Қарасу, Сарыкөл, Әулиекөл, Наурызым аудандарында қардың қалыңдығы екі есе көп. Сол себептен су басу қаупі бар деп есептейміз.
Қазір су тасқынының алдын алуға жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Наурыз айының соңында Қостанай мен Челябі облыстарының ТЖҚ мамандары бірлескен жұмыс жоспарларын тағы бір пысықтап алмақ.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг