Атырау су тасқынының екінші толқынына дайын ба?
Үкімет басшысы Олжас Бектенов аймақтың тасқынға қарсы дайындық жұмыстарымен танысты. Қала 111 секторға бөлініп, ұзындығы 482 шақырым қорғаныс бөгеттері салынған. Қазір Ұлттық ұланның 6 мыңдай әскери қызметшісі, 2 мыңдай техника жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ 9 мыңнан аса волонтёр көмектесуде. Жайық бойында Каспийге дейін қосымша 24 шақырым айналма арна қазылып жатыр. Өзен түбін тереңдету үшін флот кемелері мен гидравликалық экскаваторлар да жұмылдырылған. Премьер-министр жағдай тұрақтанған өңірлерден әскери қызметшілер мен техниканы жедел жеткізіп, тосқауылды күшейтуді тапсырды.
Сатыбай Әпенде, зейнеткер:
- Бұрын осындай болды ма? Бұрын 93 жылы болды. Осы дамбаның мына жақ шеті суға ағып кетті. Енді ол кезде мындай су болған жоқ, бірақ жарып кетті.
Кейкін Шәкір, Атырау қаласының әкімі:
- Қаладағы барлық мекемелер жұмылдырылып, бүгінгі таңда дамба көтеру жұмыстары аяқталуға жақын. Осы жұмысқа қаланың ірілі-ұсақты 78 кәсіпорны қатысып, еріктілер қаладағы бой көтерген дамбаларға қапшық қаптау жұмыстарына үлкен үлестерін қосты. Оған рақметімізді айтамыз. Қазіргі дамбаның жұмыстарын есептеп қарасақ, 92% аяқталған екен. Осы жұмыстар санаулы күндерде толығымен аяқталып, өзінің межесіне жетеді.