Тасқын қаупі: СҚО мен ШҚО елді мекендерін су басуы мүмкін
Көктем келді дегенше, табиғаттың тағы бір қатаң сыны келді дей беріңіз. Биыл елімізде көктемгі тасқыннан 600-ден астам елді мекеннің су астында қалу қаупі бар. Төтенше жағдай әсіресе еліміздің солтүстігі мен шығысында қиын. Бұл аймақтарда жер тоңы жібіп, қар көбесі енді ғана сөгіле бастады. Солтүстік Қазақстан облысындағы 92 елді мекен мен Петропавлдың шеткі аумақтарында орналасқан 250-ге жуық үйді қызыл су басуы мүмкін.
ШҚО-дағы 100-ден астам елді мекенге қарғын су келуі мүмкін
«Сондықтан сақтық жоғары», – дейді төтенше жағдай қызметі. Өңірде биыл қар ерекше қалың екені белгілі. Ал күн райы болса, жылынып келеді. Ауыл аймақтан 600 мың текше метрден астам қар шығарылды. Су арналары мен арықтар тазаланды. Өзен жағалары бекітіліп, бөгеттер биіктетіліп жатыр. 290 бірлік мотопомпа мен бір мыңнан астам көлік дайындалды. Олардың арасында өткен жылдың соңында сатып алынған жол талғамайтын «Шерп» көлігі мен қарда жүретін бірнеше транспорт бар.
Дмитрий Титов, ШҚО ТЖД бастығының орынбасары:
- Өткен жылғы Шүлбі су қоймасындағы жағдайды білеміз. Салдарынан Семейдің шеткі аймағын су басқан болатын. Биыл ол жақта еріген қар суы жиналатын 620 млн текше метр сыйымдылықта орын дайындалды. Дәл сол сияқты шаруа Бұқтырма маңында да атқарылды. Онда 10 млрд текше метр су сыяды.