Петропавлда соғысқа қатысқандардың алғашқы электронды базасы жасалып жатыр
СҚО-да осындай атаумен республикада алғашқы рет ІІ Дүниежүзілік соғысқа аттанған сарбаздардың электронды базасы жасалып жатыр. Тың бастаманы облыстық мұрағат қызметкерлері қолға алған. Олар 2015 жылдан бері осы іспен айналысып келеді. Деректер базасына, яғни облыстың бұрынғы аумағынан 1939-1945 жылдары аралығында «Қызыл армия» қатарына шақырылған, 70 мыңнан астам боздақ жайлы ақпарат енгізілді. Олардың қатарында сұрапыл соғыста қайтыс болғандар мен хабар-ошарсыз кеткендер бар. Майдангерлер жайлы жасақталып жатқан бұл жүйе 9 мамыр Ұлы Жеңістің 75 жылдығына дейін дайын болады. Ол интернетте қолжетімді болмақ.
Нәзерке Рамазанова, облыстық мұрағат қызметкері:
- Базада батырдың туған жері, жылы, әскери атағы, лауазымы көрсетіледі. Сонымен бірге қай жерде соғыста болғаны, қашан оралғаны, қандай себептен қайтыс болғаны және туған-туыстары жайлы толық мәліметтер беріледі. Бұл мәліметтерді біз Қазақстанның мұрағаттарынан және Украина, Ресей, Беларусь елдерінің мұрағаттарынан алдық. Аталмыш база бойынша бізде 91 мың адам есептеліп шығарылды.