«Таза Қазақстан»: Петропавлда «Clear Fest» фестивалі өтті. Өңір жаңалықтары
Туған өлкенің тазалығы – тұрғындарға сын. Түркістан облысы Арыс қаласына қарасты Ақдала ауылының тұрғындары таң атпастан қолдарына құрал-саймандарын ұстап, көше бойы мен арық-атыздың ішіндегі күл қоқысты жинап, жол жиегіндегі арамшөптерді шапты. Барлығы арнайы көлікке тиеліп, полигонға шығарылды.
Игі іске ауыл қариялары мен ақ жаулықты әжелер де атсалысты. Үлкендер: «Ауылымызды гүлдендіріп, көшемізді көгалдандырамыз десек, тазалықты әрбіріміз өзіміздің ауламыздан бастайық»,- деді. Ауызбіршілігі бекем тұрғындар тазалық шарасын тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.
Жұмаділлә Қашқынбеков, ауыл қариясы:
- Әр өлкеде өтетін тазалықты Ақдала елді мекенінде бастап жатырмыз. Бұл жерде «Айпара» тобы бар, «Әжелер» тобы бар, дәрігерлер бар, әкімшілік, мектеп, бүкіл Ақдаланың жастары, қариялары бәрі қатысып, тазалық күніне байланысты «Ақдаламыз таза болсын», деп атсалысып жатқан жөні бар.
Ал Петропавлда «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында «Clear Fest» фестивалі өтті. Оған 150-ден аса адам қатысып, қала шетіндегі орман алқабын қоқыстан тазарту бойынша сынға түсті. Әр команда 40 минуттың ішінде қалдықтарды жинап, соңында таразыға тартты. Жастардың бұл бастамасын қариялар да қолдады.
Бейбіт Әбілов, «Күміс волонтёр» бастамашыл тобының мүшесі:
- «Таза Қазақстан» акциясына қатысып отырмыз. Біздің ардагерлер кеңесінің жанында құрылған «Күміс еріктілер» деген тобымен. Біздің енді бүгінгі мақсатымыз – сол акцияны қолдап, елімізде, тұрған жерімізде, жан-жағымызда тазалық болсын.