Атырау облысында мал басы көбейіп келеді
Мемлекет көмегімен жеңілдетілген несиеге қол жеткізген шаруалар төрт түліктің бабын тауып, мал басын көбейтуге кірісті. Өткен екі жылда 1400-ден астам асыл тұқымды мүйізді ірі қара малы сатылып алыныпты. Олар өңірдің ет пен сүтке деген сұранысын қамтамасыз етуге бел сыбанып кіріскен. Жалпы ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 287 тұлға несие алып, жұмысын бастаған.
Жергілікті шаруа қожалықтарының бірі өткен күзде Татарстаннан Зеңгі бабаның герефорд тұқымын алып келіп жерсіндіріп жатыр. Негізінен ет бағытындағы түлік түрі мұнайлы өңірді жатсынбай, төлдеуде. Бұзаулардың әрқайсысы енді 6 айда 150 келіден ет береді. Басында 100 гектар жер алып іс бастаған кәсіпкер Әділбек Расулиев енді шаруашылығын кеңейтпек.
Әділбек Расулиев, шаруа қожалығының жетекшісі:
- 50 бас сиыр әкелдім. Алды төлдеп жатыр. Енді жылына 10 тоннаға дейін ет өндіремін деген ойым бар. Жайлауға 1,5 мың гектар жер алдым. Бір айдың ішінде сол жаққа малымды көшіремін.
Мұнайлы өңірде мал басын көбейтуге мемлекеттен көмек көп. Ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы жүздеген шаруа мал басын көбейтуге кірісті. Тек өткен жылы «Еңбек» бағдарламасы бойынша 287 адам несие алып, іс бастапты.
Гүлзада Шалағұлова, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры облыстық филиалының басшысы:
- Төрт түлік малдың барлығын бірдей несиелендіруге жұмыстанып жатырмыз. «Сыбаға» және «Еңбек» бағдарламалары арқылы жергілікті бюджеттен бөлініп жатқан қаражаттар бар. Жалпы қордың жеңілдетілген несиесіне сұраныс өте жоғары.
Бүгінде атыраулық шаруалар мал тұқымын асылдандыруға ден қоя бастады. Себебі асыл тұқымды мал басына мемлекет тарапынан үлкен қолдау бар. Атап айтсақ, асыл тұқымды мүйізді ірі қараның бір басына 225 мың теңге субсидия төленеді. Бұл мал азығын сырттан тасымалдайтын Атырау облысы үшін өте маңызды. Мемлекет жем-шөпке кететін шығынды өтеп береді. Жыл басынан бері қор арқылы берілген несиені 80 малшы алып отыр. Демек мұнайлы өңірде төрт түлікті түлетуге мол мүмкіндік бар.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин