Оралда қалдық суларды төгетін көлік жүргізушілерін жол мәселесі қинап отыр
Кәріз коллекторындағы апатқа байланысты станция қазір жабылып қалған.
Сондықтан ассенизатор көліктердің жолы да ұзарып кетті. Ми батпақты дөңгелектеріне жабыстырып жолға шыққан бетте оларды полиция ұстап, айыппұл салады.
Қаладағы кәріз коллекторлары істен шыққан соң қалдық суды төгетін арнайы орын уақытша жабылған. Қазір лас судың бәрі осы жерге әкелініп жатыр. Жүздеген көлік толассыз ағылып жатқан жерде жөні түзу жол жоқ.
Асылбек Әнуаров, жүргізуші:
- Теп-тегіс асфальт салып берсін деп сұрап отырған жоқпыз. Ең бастысы, құрылыс материалдарын төсеп берсе екен.
Исатай Хамзин, жүргізуші:
- «Әр шыққан сайын дөңгелектеріңді тазартыңдар», – дейді. Ол мүмкін емес. Біз бір уақытта дөңгелек тазартып әрі жұмыс істеп үлгермейміз.
Жандос Дүйсенғалиев, қала әкімінің кеңесшісі:
- Қаланың ағынды суларын тасуға 2 жер бекіттік. Тазарту стансасының тұсында біз гравий мен тас төсеу жұмыстарын жүргіздік. Ал қиын жолдарды реттеп, түзеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазіргі таңда оған жобалық-сметалық құжаттама жоқ.
Қаладан әр тәулік сайын 35 мың текше метрдей қалдық су шығарылады. Шаһарға тіршілік нәрін жеткізуші кәсіпорын күндіз-түні жұмыс істеуде. Өйткені Шолохов көшесінде тағы да кәріз коллекторы істен шықты. 10 жыл бұрын дәл осы тұсқа төселген шыны, пластик құбырлар қатты қысымға шыдас бермей, әр жерінен жарылып жатыр.
Талғат Мүсілімов, Су жеткізуші компанияның кәріз желілері қызметінің басшысы:
- Қаланың бәрінде қазір су бар. Қалада әкімдіктің көмегімен былтыр 19 жолда 2700 метр құбыр ауыстырылды. Одан басқа Саратов тасжолында 1 мыңдық құбыр 4 шақырымға ұзарады.
Биыл қалада 5 шақырымдай құбырды жаңарту көзделіп отыр. Бұл мақсатқа 1 млрд теңге көлемінде қаржы жұмсалмақ. Мамандардың айтуынша, кәріздік сорғы станциясы мен 15 шақырымдай аумаққа су тарту жұмыстарына 3,5 млрд теңге қаржы қажет болады.
Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов