Хабар телеарнасы

Оралда Исаев атындағы үлкен бақ қалпына келтіріле бастады

Орал қаласында Исаев атындағы үлкен бақ қалпына келтіріле бастады. Көктемде Шаған өзені арнасынан асып, бақты басып қалған еді. Екі айға жуық уақыт су тұрған бау-бақшада мыңдаған алма-алмұрт ағаштары өлді. 300 млн теңге көлемінде шығын келген. Кәсіп иесіне мемлекет қолдау көрсетіп, өтемақысын берді. Қазір қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қайрат Кәрімов жұбайымен Шаған өзенінің жағасындағы осынау кең жерді үлкен алма баққа айналдырды. 10 жылдан астам уақыт бойы тынымсыз еңбек етіп, алма мен жүзімнің 200-ге жуық түрін өсірді. Сондай-ақ әдемі, ерекше ағаштарды да еккен. Бірақ көктемгі тасқын еңбекті еш қылды. Жеміс ағаштарының 80% өлген. «Тек жүзім ғана аман қалды»,– деп таңданады бағбан.

Қайрат Кәрімов, бағбан:

-Расында жүзімдер 100% аман қалды. Оған қоса мол жеміс берді. Бұл шынында өте қызық жағдай.

Қазір бақша аумағында қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өлген жеміс ағаштарын тамырымен алып тастап, орнына жаңасын егеді. Көктемгі тасқыннан келген шығын 300 млн теңге. Жергілікті билік оны ішінара өтеген. Селекционердің айтуынша, бау-бақшаның ерекшелігі ескерілмепті.

Қайрат Кәрімов, бағбан:

-Ғалымдар бағымызды жай ғана бақ емес, құнды ғылыми коллекциялық бақ ретінде бағалау керегін айтты. Өкінішке қарай олай болмады. Дегенмен біз жұмысты жалғастырамыз. Қайта қалыпқа келтіруге 10 жылдай уақыт керек.

Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары шығынды бағалау қиын екенін мойындап отыр.

Рүстем Зұлқашев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

-Біздің қолданып отырған әдістеме бойынша 104 млн теңге қаржы төленді. Біздер енді оны қолымыздағы әдістеме бойынша жалпы қарапайым бақ ретінде біздің есептеу әдісіміз сол. Енді оны ерекше сад, онда басқа жерде кездеспейтін өсімдіктер бар. Мұндай үлкен ғылыми маңызы бар бұл бақтың деген пікірлер айтылып жатыр. Бірақ біздің қолданыстағы әдістемемен сондай сумма шығарып бердік.

Көктемгі су тасқыны облыстың ауыл шаруашылығы саласына үлкен залал әкелді. 2,5 мың бас ірі қара мен ұсақ мал өлді. 4 мың гектарға жуық егістік алқап суда қалды. Шығынға батқан шаруаларға 400 млн теңге көлемінде өтемақы берілген.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Альбина Құмарғалиева, Ербол Меңдіғалиев, Эльдар Аюпов