84 халықаралық әуе рейсі қысқартылып, 49-ы уақытша тоқтатылды
Қазақстан мен Қытай арасындағы 34 тұрақты рейс кестеден шығарылды. Автокөлік арқылы жолаушылар тасымалы саласында Қытаймен 13 рейс, Өзбекстанмен 24 және Моңғолиямен 2 рейс тоқтатылды. Сондай-ақ Ресей және Қырғызстан елдерімен тұрақты халықаралық жолаушылар тасымалы 2 есе қысқартылды. Уақытша рейстерге рұқсат қағаздары әзірше берілмейді. Ал азық-түлік пен дәрі-дәрмекті үздіксіз жеткізуге арналған жүк тасымалы мен пошталық хаттар жеткізіліміне қатысты шектеу жоқ.
Берік Қамалиев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары:
- Үкімет бекіткен тізімге сәйкес әлеуметтік маңызы бар қызметтегі шетелдік азаматтар Қазақстан аумағына кіре алады. Бұл ереже отандық әуе компанияларында қызмет ететін ұшқыштарға, инженерлік құрамға, үшінші елдерге, Қазақстан әуежайлары арқылы транзитпен ұшатындарға және Қазақстанда тұруға рұқсат қағазы барларға қатысты. Шұғыл ем қабылдау мақсатында қазақстандықтар шет елдерге бара алады. Тоқтатылған бағыттардың билет құнын компаниялар жолаушыларға толық қайтаруы қажет. Вирусқа қатысты жағдай оң өзгеріске ие болғанда ғана әуе бағыттары қайта ашылады.