Той жасаған түркістандық тұрғын жауапкершілікке тартылды
17 наурыз күні әлеуметтік желіде белгісіз тұлғаның адамдардың басын қосып, үйінің ауласында той жасап жатқаны туралы видео тараған болатын. Осы іс бойынша шұғыл іздестіру шараларын жүргізген қалалық полиция басқармасының қызметкерлері заңға бағынбай, қоғамдық қауіпсіздікті бұзған тұлғаны анықтады. Оқиға 16 наурыз күні түнгі уақытта Түркістан қаласындағы мөлтек аудандардың бірінде болған. Қалалық полиция қызметкерлері жиын өткізгені үшін той иесіне әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 476-бабы бойынша хаттама толтырды. Іс қалалық маманданған әкімшілік сотына жолданды.
Әбдіғани Сейдуалиев, облыстық Полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары:
- Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде «Құқық қорғау органы және арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлерінің заңды талабына бағынбау» деген 667-бап бар. Бұл әкімшілік жауапкершілікте қаралған. Бұл бойынша айыппұл немесе 15 күнге дейін әкімшілік қамауға алынады.