Көкшетаулық азамат карантиннен бас тартқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады
71 жастағы қала тұрғыны 19 наурыз күні елордаға Минск-Нұр-Сұлтан рейсімен ұшып келген. Алайда ол тәртіпке бағынбай, Көкшетауға кетіп қалған. Оның бұл әрекеті жайлы жергілікті дәрігерлерге хабарланды. Алайда үйіне іздеп барған жедел жәрдем мен санитарлық мамандарға зейнеткер есігін ашпаған. Полицейлер мен құтқарушылар есікті бұзуға мәжбүр болыпты. Қазір аталған азамат облыс орталығындағы ауруханалардың бірінде карантинде. Ал тиісті сараптамалары вирусологиялық зертханаға жіберілген.
Гүлнәр Пинчук, облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабының 1-тармағына сай қылмыстық іс қозғалды. Енді стационарлық карантиннен бас тартқан азамат 2 мың АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.