Масканы күтіп ұстаудың қандай ережелері бар?
Амалсыз шыққан жағдайда міндетті түрде бетперде тағу керек. Мамандардың бұл ескертуін карантиндегі қала тұрғындары қаншалықты ескеріп отыр? Сондай-ақ масканы күтіп ұстаудың да өзіндік ережелері бар екенін бәріміз білеміз бе? Иммунолог-дәрігер ол жайлы не дейді?
Елорданың бүгінгі көрінісі. Қаланың өміріне қажетті сала мамандары әдетінше қызметін атқаруда. Оған рұқсат. Ал карантин кезінде үйде отыруы тиіс тұрғындардың да көше аралап жүргенін қалай түсінуге болады. Тіпті бала-шағасын жанына ертіп алғандар бар. Камераны көрген бойда олар қателігін мойындап, үйлеріне кері қайтты. Жалпы әр азаматтың өзіне және өзгеге қатысты жауапкершілігін жете түсінуі өте маңызды. Қазір аса қажет болмаған жағдайда сыртқа шықпау керек.
Алматы. Мұнда да бетперде тағудың маңыздылығын түсінушілер аз сияқты.
Осылай әркімнің өз ұстанымы, айтар сылтауы бар. Дәріханаларда масканың тапшылығы да рас. Медициналық маска болмаған жағдайда мақта мен дәкеден жасалған мынадай бетпердені де пайдалануға болады. Қолданыс мерзімі 4 сағат екен. Артынша тағы да спиртпен немесе антисептикпен тазартасыз. Үтіктеп тұру да артықтық етпейді. Маманның осы кеңесін кәдеге жаратыңыз. Қорғаныш құралын дұрыс күтіп, уақытылы тазалап отыру аса маңызды.
Софья Линникова, иммунолог-дәрігер:
- Негізі бұл бір рет қолданылатын маска. Алайда медициналық бетперде жетіспеушілігі кезінде оған екі жағынан антисептик сеуіп немесе медициналық спирт құйылған мынадай пластик контейнерге салып қоясыз. 2 сағаттан кейін шығарып кептіресіз. Әрі қарай қолдана беруіңізге болады.
Айтпақшы азаматтарды осыған ұқсас ақпаратпен құлақтандырудың қазір барлық тетігі қолданылуда. Ол интернет, теледидар мен радио, СМС хабарлама, оған қоса дауыс зорайтқыш көліктер де қала көшелерін аралап жүр.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұылы. Ұлан Нарынбек, Диас Қобланбаев