Автокөлікті онлайн түрде қалай тіркеуге болады?
Елімізде карантинге байланысты арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтары жабылды. Енді көлікті тек eGov.kz порталында онлайн режимде тіркеуге болады, деп хабарлады kolesa.kz.
Дегенмен қазіргі уақытта бұл қызмет тек тіркелген автокөліктерді жеке тұлғалар арасында сату, сатып алу мәмілелерін жасасу үшін қолжетімді. Көлік салонынан сатып алынған жаңа көлікті онлайн тіркеу мүмкін емес. Ол қызмет жақын арада іске қосылмақ. Азаматтарға арналған үкімет сайтында оның функционалдығы пысықталуда, бірақ Ішкі істер министрінің бұйрығымен автокөліктерді тіркеу ережелеріне қажетті өзгертулер енгізілді. Құжатқа сәйкес электронды үкімет порталында автокөліктерді алғаш рет тіркеу үшін мынадай құжаттар қажет:
- сатып алушы туралы мәліметтер – жеке тұлға және заңды тұлғаның (көлік салоны) реквизиттері;
- көлік құралына меншік құқығын растайтын сканерленген құжат, кедендік рәсімдеуден өткендігін растайтын құжаттар, келісімшарттар, мәмілелер, азаматтық заңнаманың талаптарына сәйкес рәсімделген куәліктер;
- көлік түрінің мақұлданғаны туралы сканерленген құжат;
- алымдар мен салықтар төленгені туралы түбіртектер.