Иммигранттарға жұмыс істеуге рұқсат беру шарттары өзгереді
Еңбекші көшіп-қонушыларға 1 айдан 12 айға дейінгі кез келген мерзімге жұмысқа рұқсат алу мүмкіндігі беріледі. Енді жұмыс істеуге рұқсатты мерзімі біткенге дейін елден шықпай-ақ ең көбі 3 айға ұзартуға болады. Осы өзгерістер қамтылған заң жобасы Мәжілісте мақұлданған. Енді Сенатта қаралуы тиіс.
Ал қазіргі қолданыстағы көші-қон талаптары қаншалықты сақталып отыр? Мамандардың айтуынша заңсыз мигранттар саны күрт өскен.
Мигранттардың көбі құрылыста немесе көлік жөндеп, жиһаз цехтарында жүр десеңіз, қателесесіз. Себебі қазақтың той-томалағы да қазір шетел азаматтары үшін табыс көзіне айналған. Бәрі бірдей көші-қон туралы заңды сақтап жүр ме?
Көші-қон талаптарын бұзғандардың басым көпшілігі Өзбекстан, Нигерия, Африка елдерінің азаматтары. Күні кеше 28 шетелдіктің ешбір құжатсыз жұмыс істеп келгендігі белгілі болды. Оларды тәртіп сақшылары «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында тексеруге алған.
Алтынбек Масақбаев, ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
- Көші-қон заңнамасын сақтамағандарға ішкі істер органдарының қызметкерлерімен әкімшілік хаттама толтырылады. 10 күннен асқан жағдайда әкімшілік сотқа жолданады. Онда соттың санкциясымен 2 түрлі шешім бар: айыппұл 25 АЕК немесе ҚР аумағынан 5 жылға дейін шығарып жіберу.
Биыл жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзған 4 мың 700 астам шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 517 ел аумағынан шығарылған. Қалған 4 мың 222 айыппұл салынды. 10 тәулікке дейін қамауға алынғандары да бар.
Алтынбек Масақбаев, ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
- Бұрын шетелдіктер 30 күн болып, еліміздің аумағына қайтып кіріп, өзінің келу мақсатын жаңартып жүретін еді. Қазіргі уақытта 90 күннен асып кетсе, ол еліміздің аумағына қайтып кіре алмайды. Оны шекара қызметкерлері көші-қон заңнамасының 48 бабының 16-тармағына сәйкес кіргізбейді. Олар тек қана 90 күн күтіп, содан кейін ғана келу керек.
Заңсыз мигранттарды жұмыспен қамтығандар да жауапкершілікке тартылады. Себебі – шетелдіктің елге келгені жайлы жұмыс берушілер, не өзге де қабылдаушы тараптың өзі хабарлауы шарт.
Жазира Тынарбай, жекеменшік көші-қон компаниясының аға кеңесшісі:
- Қабылдаушы тарап шетелдік азаматтың Қазақстанға келгені немесе тұрақты мекенжайының ауысқаны туралы хабарлама беріп отыруы керек. Бұл процедура бізде онлайн жүргізіледі. Арнайы ақпараттық сайттар бар. Ол vmp.gov.kz және eqonaq.kz деген сайттарымыз бар.
Егер қабылдаушы тарап шетелдік азаматты 3 күн ішінде тіркеп үлгермесе, 20 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл арқалауы мүмкін. Ал жағдай қайталанса, 1 жыл бойы виза рәсімдеуге тыйым салынады.
Дана Әлиева, Аманжол Байғазин