Қарағанды облысында шектеу шаралары бұрынғыдан да күшейтілді
Енді Теміртау қаласында да жеке көлікпен жүруге тыйым салынды. Осыған дейін Шахтинск қаласында да осындай шара қабылданған. Ал облыстың өзге де карантин аймағының ішінде кешкі 22:00-ден таңғы 05:00-ге дейін жеке автокөлікпен жүруге болмайды. Сондай-ақ ІІ деңгейдегі барлық банк клиенттерге қашықтан қызмет көрсетеді.
Негізі халық карантин талаптарының, ең болмағанда жеңілдегенін асыға күтіп отыр. Ал өңірде керсінше талап қатаң тарта түскеніне не себеп?
Дәуренбек Бақдәулетұлы, тілші:
- Мамандар: «Соңғы кезде ауру жұқтырғандардың көбі аса қажеттіліксіз жүріп-тұрып немесе бір-біріне қонаққа барғандар», – дейді. Яғни оқшаулану тәртібін ұстанбаған. Осының салдарынан енді күшейтілген шектеу шаралары енгізіліп отыр. Бұдан былай базарлар тек кәсіпкерлер үшін ғана, ал банктер қашықтан жұмыс істейді. Еске салсам, осыған дейін олардың жұмыс уақыты 10:00-ден 16:00-ге дейін қысқарған болатын. Облыстың барлық ауданы мен қаласының арасында блокбекеттер орнатылуы тиіс. Десе де тыйым электронды базаға енгізілген адамдарға қолданылмайды. Осыған дейінгі жұмыс орнынан берілген анықтамалар жарамсыз болып есептеледі.
Дархан Жиенбаев, жедел әрекет ету орталығының өкілі:
- Бұл іс-шара карантиндік режимді бұзу және жарамсыз анықтама тарату фактісінің тіркелуіне орай тұрғындардың жүріп-тұруын азайту мақсатында енгізілді. Электронды базаны енгізу арқылы қауіпті вирустың таралауына жол бермеу шарасы күшейтіледі. Ескерту рұқсат қағаздар берілмейді. Тек электрондық база жұмыс істейтін болады.
Дәуренбек Бақдәулетұлы, тілші:
- Соңғы ақпарат бойынша тағы үш адамнан COVID-19 анықталды. Оның бірі – алты айлық бала. Оның ата-анасы вирус жұқтырған және госпитальде болған. Бүгінгі күні облыста 87 COVID-19 жағдайы тіркелген, оның ішінде бір науқас сәуірдің 1-і күні қайтыс болды және төртеуі сауығып шықты. Тәулік бойы бақылауда 759 адам бар. Үй карантинінде 2 268 адам, үй карантинінен шығарылғандар 403-ке жетті.