Шет ауданының тұрғындарына гуманитарлық көмек жөнелтілді
Қарағандыда Қазақстан Халқы Ассамблеясының республикалық және өңірлік штабтары бірлесіп, су тасқынынан зардап шеккен Шет ауданының тұрғындарына гуманитарлық көмек жөнелтті. Облыс бойынша осы аудандағы 4 ауылды су басып, жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланған еді. Бұл елді мекендерде 43 үйге су кіріп, мал шығыны тіркелді. Бүгін кеншілер қаласындағы көмек қабылдау пунктінен алғашқы 2 жүк көлігі жолға шықты. Оларға азық-түлік, төсек орын, дәрі-дәрмек пен гигиеналық зат тиелген.
Акбаржон Исмаилов, ҚХА төрағасының орынбасары:
-Барлық өңірлер бойынша бізде 34 достық үйлері бар. Оларда қазақстандықтар азық-түлік, киім-кешек т.б. жинауда. Әр өңірде штабтарымыз бар. Қай ауданға, қай ауылға қандай заттар керек екенін бізге жеткізіп отырады. Жалпы қолдап жатқан бүкіл Қазақстан халқы.