Атырауда балық қырылған су арнасынан сынама алынды
«27 сәуірде Приморск каналында балықтың қырылуы тағы қайта анықталғандықтан, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Қазгидромет» РМК Атырау облысы бойынша филиалының қызметкерлері жоспардан тыс үшінші рет бірнеше нүктеден сынама алды. «Ақжайық» резерваты бекетіне жақын көпір маңында «Ақжайық» бекетіндегі ағыстан 6,5 км төмен тұста тексеру үшін су жиналды», – делінген хабарламада.
Гидрологиялық дерек бойынша 26-27 сәуір аралығында Жайық өзенінің деңгейі 25 сәуірде су деңгейі көтерілуінен кейін 5-17 см төмендеді. «Су сапасын талдау басты иондар, биогенді, органикалық және органикалық емес заттар, ауыр металдар секілді 39 көрсеткіш бойынша жүргізіледі. Талдау нәтижесі бойынша су лайланған, судың температурасы 15-17ºС, сутегі көрсеткіші - 6,97-7,48, еріген оттегі - 7,1-7,2 мг/дм3, оттегі қанығуы -71,7 – 73,8 %, мөлдірлігі - 5,5-7 см, түсі - 19,5-20 градус. Судан бөтен иіс табылмады. Приморск каналында алынған сынамада темір мөлшері су сапасының бірыңғай жіктемесінің шекті нормасынан 1,7 есе асып кеткен (0,5 мг/дм3) (1,7 есе асып кету). Ал бұл көрсеткіш «Ақжайық» бекетінде 6 км төмен жерде норма шегінде тіркелді» делінген хабарламада.
1 мамырда 5 тәулік ішінде шығатын «оттегіні биохимиялық тұтыну» талдау нәтижесі жарияланады. Еске сала кетсек, 21 сәуірде Приморск каналының Жайыққа қарай ағатын саласында балық қырылды. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахметтің айтуынша, сол тұстан 3,7 тонна өлі балық жиналып алынған.