Биыл 1 млн 220 мың адам жұмыспен қамтылады
Нақтырақ айтсақ, биыл 1 млн 220 мың қазақстандық екі қолға бір күрек таппақ. Оның 255 мыңы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жұмысқа орнасалады.
Бұл туралы Үкіметтің селекторлық отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты. Жалпы бұл Жол картасы алдағы уақытта апатты және үшауысымды мектептер мәселесін шешуге де мүмкіндік бермек. Өйткені бағдарлама аясында 80 жаңа білім беру ошағы салынады деп жоспарланған.
Қазіргі қысылтаяң шақта халықтың денсаулығын түзеу ғана емес, жұмыссыздық мәселесін де шешу Үкіметтің басты міндеті болып тұр. Себебі коронавирус пандемиясы экономика мен еңбек нарығына кері әсерін тигізді. «Бұл түйткілдің түйінін тарқатуда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» сеп болады», – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.
Жалпы бұл бағдарламаға әкімдіктер тарапынан 6,5 мыңнан астам жоба ұсынылған. Оның 2 703-і әлеуметтік инфрақұрылым мен 1 039-ы тұрғын үй шаруашылығы нысандарын жөндеу мен салуға қатысты, 1 799-ы инженерлік-көлік инфрақұрылымын қамтуға және 695-і елді мекендерді абаттандыруға арналған жобалар. Сайып келгенде бұл 255 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек.
Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Барлық 6 506 жобаның ішінде 2 410 жоба – республикалық бюджеттен қарастырылған қаражат есебінен іске асырылатын жобалар. Тиісті қаражаты бөлінген. Сол жобалар бойынша 1 мамырға мемлекеттік сатып алу конкурстары аяқталып, мердігерлері анықталып қойды. Бұл бағытта алда келе жатқан Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Алматы, Түркістан облыстары. Алматы, Шымкент қалалары мен Қызылорда облысында бұл жұмыстын қарқыны әлі төмендеу.
Негізі министрдің айтуынша, бұл Жол картасында іріктелген жобалардың алдағы уақытта экономикалық әсері болады. Бұл елдегі жұмыссыздық мәселесін біртіндеп шешіп, халыққа тұрақты табыс табуға мүмкіндік береді деп күтіледі. Премьер-Министр Асқар Мамин бұл жобаларды іске асыруда басымдықты отандық тауарлар мен қызметтерге беруді тапсырды.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Үкіметтің басты мақсаты – халықтың жұмыспен қамтылуын сақтау. Жұмыспен қамту және халықтың экономикалық белсенділігін сақтаумен қатар, инфрақұрылымды жақсарту ел экономикасын қалпына келтіруде жақсы нәтиже береді. Әкімдіктер айдың соңына дейін конкурстық рәсімдерді аяқтасын және инфрақұрылымдық жобаларды толық іске асыруды бастасын. Жобаларда пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің негізгі көлемі отандық болуы қажет. Барлық бөлінген қаражат экономикаға жұмыс істеуі тиіс.
Жалпы экономика мамандарының болжауынша, елдегі бұл жұмыстар өз тиімділігін береді. «Халықты жұмыспен қамтып, қаржылай қолдау көрсету әлемдік тәжірибеде де оң бағасын алған», – дейді.
Арман Байғанов, экономист:
- 1929-1932 жылдары АҚШ-та болған ұлы тоқырау кезеңімен салыстырсақ, олар экономиканы көтеру үшін ең әуелі инфрақұрылымдық нысандарды салу мен қолдауға қыруар қаржы бөлген болатын. Дәл осылай, біздің билік те қазір бизнеске, халыққа қолдау көрсетсе, онда елдегі сұраныс та қайта қалпына келіп, экономикалық өсім болады.
Айта кету керек, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында қазірдің өзінде елде бірқатар жоба іске қосылған. Осылайша Үкімет 10 мың адамды жұмыспен қамтып үлгерді. Ал жалпы биыл барлық мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың нәтижесінде 1 млн 220 мың адам екі қолға бір күрек табады деп жоспарланған.
Авторы: Риат Шони