Абай облысында 23 мың адам жұмыспен қамтылады
Абай облысында дәрігер, мұғалім және жұмысшы мамандары тапшы. Әрі 16 мыңнан астам тұрғын екі қолға бір күрек таппай жүр. Облыс халқын еңбекпен қамту үшін түрлі бағдарламалар қолға алынған. Жыл басынан бері 21 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды.
Жамал Сайлауғалиева биыл қаладағы оқу орындарының бірін мейірбике мамандығы бойынша тәмамдаған. Бірақ өз бетінше жұмысқа орналаса алмағанын айтады. Сосын Еңбек мобильділігі орталығына жүгінген.
Жамал Сайлауғалиева, қала тұрғыны:
- Енді ғана бітірген түлектер қай жерге жұмысқа орналасуға барса да, тәжірибе жоқ болғандытан көбісі ала бермейді. Ал осы бағдарлама арқылы бізге көптеген мүмкіндіктер мен жолдар ашылады. Бізге өте ыңғайлы, жастардың жұмысқа орналасуына үлесін қосады.
Биыл Абай облысында 7 мыңнан астам адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. 800-ге жуық жас маман «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша еңбек етуде. Солардың бірі Дилназ Серікқұл.
Дилназ Серікқұл, қала тұрғыны:
- Қазір оқу бітірген жастардың барлығы дерлік Еңбек мобилділігі орталығы арқылы жұмысқа тұрады. Өйткені мамандық бойынша жұмыс істеу қиын. Көп жерде орын жоқ, - дейді, болса да тәжірибең болмаған соң жұмысқа қабылдамайды.
Жыл басынан бері 281 адам кәсіптік оқытуға жолданған. 219-ы оқуды аяқтады. 171 тұрғын тұрақты жұмысқа орналастырылса, 1 адам қайтарымсыз грант алып, жеке кәсібін ашқан.
Еркебұлан Тұрсын, облыстық Еңбек мобильділігі орталығының директоры:
- Келесі жылға да 20 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз. Бірінші және 31-ші қазан аралығында 2025 арналған субсидияланатын жұмыс орындарына жұмыс берушілердің өтінімдерін қабылдадық. Қазіргі таңда субсидияланатын жұмыс орындарының тізбесі әзірленді. Алдағы уақытта сол бойынша жұмыс жасайтын боламыз.
Бүгінде Абай облысында 16 мыңнан астам тұрғын екі қолға бір күрек таппай жүр. Ал еңбекпен қамту бағдарламалары маман тапшылығы және жұмыссыздық мәселелерін түбегейлі шешуге сеп болмақ.
Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов