Арал теңізінде уылдырық шашу кезеңі басталды
Бірақ табиғат заңдылықтары мен құзырлы орган ережелерін пысқырмайтындар да жеткілікті.
Балықтың уылдырық шашу кезеңінде су айдындарында мүлгіген тыныштық болғаны керек. Ау салмақ тұрмақ моторлы қайықтың үні де балықтың көбеюі кезінде зиян екен. Алайда құлқынның құлына айналған қаскөйлер табиғат заңдылықтарын ескергісі келмейді.
Бұл жолы да инспекторлар теңізден бірнеше ау құралын жинап алды. Алайда браконьерлер айылын жияр емес. Сырдария өзенінің Кіші Аралға құяр сағасына өрлеген су маржандарын тонналап сүзіп алуға сескенбейді.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Бүгін теңіздің үстінде жел тұрып, толқын күшейді. Алайда ауа райының қолайсыздығы браконьерлер үшін кедергі емес секілді. Олар мынадай ну қамыстың арасында жасырынып жүріп, теңіз байлығын тонаудың түрлі тәсілін меңгерген. Ал көзге түсе қалған жағдайда мынадай 40-50 аттың күші бар жүйрік қайықтармен жасырынып үлгеруге тырысады.
Аралдық инспекторлар 4 топқа бөлініп, теңіз үстін тәулік бойы торуылдап жүр. Бірақ табиғат қаскөйлерінің барлығын бірдей ұстау мүмкін болмады. Өйткені техникалары талапқа сай емес.
Есенбай Есіркепов, аумақтық инспекцияның Арал бөлімі басшысы:
- Қамыстың арасымен жол салып алған. Бізден жақсы біледі. Сосын моторлы қайықтары мықты. Біз жоқтан бар жасап жүрміз.
Заңсыз балық аулағандарға 10-20 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Ал табиғатқа келген залал бөлек есептеліп, өндіріледі.
Марат Нұрмағамбетов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:
- Инспекция қызметкерлерімен 44 балық қорғау заңнамасын бұзу анықталып, оның 20 әкімшілік ісі сот орындарына жолданса, қалған 24 әкімшілік іс бойынша 347 мың теңге айыппұл салынып, оның 280 мың теңгесі өндірілді. Табиғатқа келген залал 398 мың теңге, қазіргі таңда өндірілуде.
Табиғат инспекторлары балықшылардың қауіпсіздік мәселесіне де алаңдайды. Құтқару шеңбері мен жилетті айтпағанда көбінің қайығы да теңізде жүруге арналмаған. Әсіресе жылдамдығы жоғары, бірақ еңсесі төмен спорттық қайықтармен балық аулауға шығатындар да бар екен. Осы ретте мамандар судағы қауіпсіздік ережелерін естен шығармауды тағы бір ескертті.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов