Қарағандыдағы көпқабатты үйлердің біріне Ерлан Нұрғалиевтің суреті салынады
Мысалы Қарабалық ауданында жаз мезігілі жүз шақты адамға жаңа жұмыс орындары ашылмақ.
Олар жолдар салып, әлеуметтік нысандарды жөндеуге атсалыспақ. Жалпы «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша аудан орталығында 4 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр.
Ворошилов пен Святослав елді мекендерінің арасы шамамен 20 шақырым. Екі ауылды байланыстыратын жол сонау Кеңес дәуірі кезінде салынған. Содан бері жөндеу көрмеген. Биыл бұл міндетті жергілікті мердігер қолға алыпты. Мұнда 15 адам, 5 техника жұмыс істейді. Нысанды бүгін-ертең тапсырамыз деп отыр.
Оганнес Петоян, мердігер:
- Биыл қалған екі шақырым бөлігін аяқтаймыз. Сосын үш шақырым аумақтың жоғарғы қыртыс бөлігін өңдейміз. Жалпы бұл нысанды 9-15 мамыр аралығында тапсыруды жоспарлап отырмыз.
Мердігер мұнымен қоса аудан орталығындағы төрт көшенің жолын жөндеуді мойнына алған. Оның барлығы «Жұмыспен қамту жол картасына» енгізілді. Бағдарламаның шарт-талабы бойынша бұл нысандарға негізінен жұмыссыздар алынуы тиіс. Соның арқасында қазір жергілікті 13 тұрғын осында екі қолға бір күрек тапты. Солардың бірі – 54 жастағы Дмитрий Львов. Ол Қарабалыққа жақын көшіп келген. Баспана сатып алғанымен бірнеше ай жұмыссыз отырып қалған.
Дмитрий Львов, Қарабалық кентінің тұрғыны:
- Ол жақта туған інім екеуіміз жеке шаруашылықпен айналыстық. Сондықтан жұмыс іздеп Қарабалыққа келдім. Жергілікті әкімдіктің көмегімен осында орналастым.
«Жұмыспен қамту жол картасы» аясында Қарабалық ауданында жол құрылысынан басқа тағы 3 жоба қаралған. Орталық аурухананың ғимаратын жөндеу, оның ішінде патологоанатомия бөлімін толық жаңарту көзделіп отыр. Ал «Орталық» стадионда жасанды жасыл алаң пайда болады. Бұл жаңалыққа әсіресе жергілікті аяқ доп шеберлері дән риза. Аталған жобаларға мемлекеттік қазынадан 332 млн теңге бөлініп отыр.
Жанат Ескендірова, Қарабалық аудандық Еңбекпен қамту орталығының басшысы:
- Жұмыссыз тұрғындарды әртүрлі әлеуметтік топқа жатқызуға болады. Олардың арасында түрмеден босағандар, үй бақылауында болғандар, мектеп қабырғасынан шыққан жастар да бар. Солардың барлығын жұмыспен қамтуға тырысамыз. Тіпті жұмыссыз ретінде тікелмегендерді де есепке алып жатырмыз.
Қазіргі кезде Қарабалық ауданында 142 адам ресми түрде жұмыссыздар есебінде. Соның 84-і таяу күндері жұмысқа алынады. Қалған бөлігінде еңбекпен қамту үшін аудан да басқа да мүмкіндіктер қарастырылып жатыр.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг