Алматыда тосқауыл бекеттеріндегі әскери техникалар алынды
Енді мұнда бұрыңғыдай БТР, танк секілді әскери техника тұрмайды. Себебі елімізде төтенше жағдай режимі аяқталған күннен бастап Қазақстан Қарулы Күштерінің әскерилері қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бекеттерге кезекшілікке тартылмайтын болды. Төтенше жағдай режимі кезінде тосқауыл бекеттерге және қаланы залалсыздандыру жұмыстарына тартылған 3 мыңға жуық әскери қызметші енді өздерінің тұрақты жұмыстарына оралды. Ал Алматы шаһарындағы 27 бекет қалыпты жұмыс жасап тұр. Карантиндік шекараны айқындап тұрған бекеттерде қазір қалалық Полиция департаменті мен медицина қызметкерлері жұмыс жасауда. Бүгін жағдай тұрақталған. «Адам саны да кешегіге қарағанда әлдеқайда саябырсыды», – дейді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек. Ал бекеттерден тек арнайы рұқсаты бар көліктер мен жаяу жүргіншілер өтіп жатыр.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі:
- Жаңа тәртіп және жаңа алгоритм бойынша кеше ғана жедел штабтың хабарлағанындай блок-бекеттерден Алматы қаласында жұмыс істеуге рұқсаты бар нысан қызметкерлері өте алады. Бірақ ол үшін сол мекемелердің басшылығы қызметкерлердің тізімін арнайы infoalmaty.kz сайты арқылы тіркеуі керек. Тіркегеннен кейін ол азаматтардың аты-жөндері арнайы базаға енгізіледі. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері азаматтарды ескі база арқылы, яғни жаңартылмаған баламасы арқылы өткізуде.