ТЖ болған өңірлердің тұрғындарына әлеуметтік қолдау көрсетіледі
Төтенше жағдай болған өңірлердің тұрғындарына әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Үкімет басшысы Олжас Бектенов вице-премьер Тамара Дүйсенова бастаған әлеуметтік блок министрліктеріне осындай тапсырма берді.
Су тасқыны басталғалы 86 мың тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген. Оның шамамен 8,5 мыңы уақытша орналастыру пункттерінде. Бұл орайда Олжас Бектенов үй-жайы жарамсыз деп танылған азаматтарды уақытша баспанамен қамтуды тапсырды. «Әрі олар қоныс аударғанға дейін, әкімдіктер тұрғындарды сапалы азық-түлікпен, тиісті санитариялық-гигиеналық құралдармен, қолжетімді медициналық қызметтермен қамтамасыз етуі керек»,-деді.
Ал ұрлық-қарлыққа жол бермеу үшін қараусыз қалған үйлер Ішкі істер министрлігінің бақылауында болады. Білім беру мәселесі де Премьердің назарынан тыс қалған жоқ. Ол балалар мен оқытушыларды онлайн оқуға қажетті техникамен қамтуды тапсырды. «Ал оқу процесі үзілген елді мекендердегі оқушыларды сынақтар мен емтихандардан босату қажет», - деді.
Сондай-ақ Олжас Бектенов зардап шеккен халық арасында жұқпалы аурулар тарамау үшін Денсаулық сақтау министрлігіне жағдайды ерекше бақылауда ұстау керектігін айтты.