Елде жылу электр стансаларын жөндеу кешіктіріліп жатыр
Осыдан екі жыл бұрын Петропавлдағы опырылып қалған түтін мұржасын австриялық мердігер компания салатын болды. Бұл Үкімет отырысында өңір басшысы айтты. Жоспар бойынша оның құрылысы осы жылы қараша айында аяқталады.
Айта кетейік, бұл апат 2022 жылдың наурыз айында болған. Былтыр қалпына келтіру жұмысы басталғанымен, құрылыс кезінде жаңа мұржа қисайып кетті. Енді ол шетелдік мердігердің технологиясын пайдалана отырып тұрғызылмақ. Жаңа мұржаның биіктігі 180 метр болуы тиіс.
Үкімет отырысында жалпы жылу маусымына дайындық пысықталды. Биыл еліміз бойынша 55 қазандық және 45 турбинаны күрделі жөндеу қажет. Алайда Теміртауда бұл жұмыс әлі басталмапты. Екібастұз, Тараз, Жезқазған және басқа өңірлерде де жөндеу жұмыстары бекітілген кестеден кешігуде.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Биылдың өзінде ғана жөндеу жұмыстарын ауыстыру бойынша кестеге 18 рет өзгеріс енгізілген. Оған әкімдіктер мен Энергетика министрлігінің келісімі де алынбаған. Яғни аталған фактілер бақылаудың жеткіліксіз екенін көрсетіп отыр. Жылу желілерін жаңғырту қарқыны да төмен. Басқа өңірлермен салыстырғанда, әсіресе Ақмола, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарында жылу желілерінің дайындығы төмен.
Көкшетаудағы №2-ші қазандықты қыс мезгіліне дайындау үшін Үкімет резервінен 2 млрд 300 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Жалпы елімізде жылу желілерінің ұзындығы 13 мың шақырымды құрайды. Оның жартысынан астамы тозған. Жылу орталықтарының да 60% жуығы жаңартуды қажет етеді. Мәселен, Кентау қаласында биыл жылу электр орталығы толық жаңғыртудан өтеді. Оған Үкіметтен 9 млрд теңге бөлініп отыр.
Төлеу Әшірхан, жылу орталығы басшысының орынбасары:
- Қазандықтар қазір 90% жылуға дайын. Енді 10% жұмыстары қалды. Солар бітсе, онда 2 қазандық дайын болады. 9-10 қазандық қазір нөлден бастап жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қарашаға дейін бітіру керек. Сонымен 4 қазандық дайын болады. Одан кейін 7-12 қазандық жөндеуден өтеді.