Алматыда инфекцияға байланысты кәсіпорындар жұмысын өзгертті
Негізгі талап – қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ішкі карантин шарттарын мұқият сақтау. Жұмыс істеуге рұқсат етілген алматылық кәсіпорындар қауіпсіздікке қаншалықты көңіл бөліп отыр?
Алматыдағы асфальт-бетон өнімдерін шығаратын зауыттың кіреберісіндегі көрініс қазір осындай. Жұмысшылар завод аймағына бір-бірден ғана кіреді. Табалдырыққа дезинфекциялық сұйықтық құйылған кілемше төселген. Өйткені вирус аяқ киімге жабысып келуі мүмкін. Дене қызуы міндетті түрде тексеріледі. Ал антисептик шашатын кабинаның астынан өту – зауыт қызметкерлері үшін таңсық дүние.
Руфат Хамидуллин, жұмысшы:
- Жұмыс кезінде әріптестердің арақашықтығы кем дегенде 3 метрдей қатынаста болуы тиіс. Әр 2 сағат пен 3 сағаттың ортасында бетпердеміз ауысып тұрады. Қолғап немесе бетперде жыртылып қалған жағдайда оны дереу ауыстырамыз.
Зауыттың жұмысы тікелей жол жөндеушілерге байланысты. Сұраныс болмаған соң өнім күрт азайған. Сондықтан 655 адамның 450-ін демалысқа жіберуге мәжбүр болыпты. Бірақ кәсіпорын қызметкерлеріне 42500 теңгеден төлеп отырған. Наурыз бен мамырдағы мерекелерге де ақшалай көмек беріпті.
Варис Исламов, асфальт-бетон өндіретін зауыттың бас директоры:
- Сәуір айында тәулігіне 200-300 тонна ғана өнім өндірдік. Қазір шамамен 4 мың тоннаға жуық асфальт және бетон шығарып отырмыз. Карантин талаптары сәл жеңілдеп, жол жөндеушілер жұмысқа шыққалы бері біздің зауытымыз да жандана бастады.
Ал бұл – Алматыдағы дәрі жасайтын ірі фармацевтикалық фабриканың бірі. Маңызды нысан болғандықтан, жұмысын тоқтатпаған.
Ұлан Нарынбек, тілші:
- Бұл жерде тазалыққа деген талап әу бастан өте қатал. Қызметкерлер өндіріс цехына кіргенге дейін үш кезеңнен тұратын дезинфекциялық шаралардан өтеді.
Дегенмен фабрика ішінде карантин талаптарын қамтамасыз ету үшін жұмысшыларының 30% ақылы демалысқа жіберген. Тағы 150 адам қашықтан жұмыс істеуге ауыстырылған. Әйтеуір карантин уақытында өндірісті баяғы қалпында ұстап тұруға автоматты құрал-жабдықтар көп септігін тигізіпті.
Светлана Киль, фармацевтикалық фабриканың атқарушы директоры:
- Осы жылдың басында біз жаңа құрал-жабдықтар алған едік. Сол қуатты блистерлі машиналардың арқасында аз адаммен бұрынғы өнім көлемін сақтап қалдық. Бұрын бұл жұмыстың барлығы қолмен орындалатын. Таблеткаларды кептіруге 5-6 сағат кететін. Ал жаңа миксер небәрі 30 минутта құрғатады.
Фармацевтикалық фабриканың да, асфальт-бетон жасайтын зауыттың да жұмысшыларның көбі Алматы облысында тұрады екен. «Коронавирустың таралуы тоқтаса, олар қайтадан жұмысқа кіріседі», – дейді кәсіпорын басшылары.
Авторы: Ұлан Нарынбек, Сержан Жұмабаев