Павлодар облысында микросфера төңірегінде жанжал туындады
Полиция қызметкерлерінің хабарлауынша, ауыл тұрғындары күл-қоқысты ұрлаумен айналысқан. Шикізатты ұрлауды алдын алу мақсатында Береке және Ақжол ауылдарының аумағында блок-бекет орнатылған. Кейін ауылдықтар заңсыз алынған шикізатты құжаттарсыз шығаруды өтінген. Оларға рұқсат берілмеген. Бұл 30 шақты адам қатысқан жанжалға түрткі болды. Олар тәртіп сақшыларын қорқытып, ол жерден кетулерін талап еткен. Қазір бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жыл сайын қайталанатын мәселенің түйінін тарқату үшін кешенді тексеріс басталды. Сонымен қатар микросфераны алу нарығы қатаң бақылауға алынады.
Әбілқайыр Сқақов, облыс әкімі:
- Мәселені жүйелі түрде сараптап, түсіну керек. Яғни микросфера нарығы қаншалықты заңдастырылғанын анықтау керек. Бұл тұрғыдан тиісті баға беріледі. Себебі осы төңіректегі жанжалдар жыл сайын орын алып, елді дүрліктіреді.
Елдар Әбдікенов, облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары:
- Туындаған жанжалды жою, одан әрі жалғасуына жол бермеу мақсатында полиция қызметкерлері арнайы құралдарын қолданып, бос патронмен ескерту оғын ату арқылы тұрғындардың іс-әрекетін тоқтатты. Содан кейін ғана ауыл тұрғындары орыннан кетті. Арнайы құралдарды қолдану фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 361 бабы 1-бөлігіне сәйкес тергеу басталды. Соның барысында полиция қызметерлерінің әрекетіне құқықтық баға беріледі.