Қызылорда облысындағы ескі бөгет жөнделеді
Әлемде алғаш рет теңіз қолдан бөгеліп, су деңгейі көтерілді. Алайда соңғы екі жыл бедерінде Сырдарияның құяр сағадағы арнасының бағыты өзгеріп, 13 шақырымдық бөгеттің жиегін 300 метрге дейін су үңгіп тастаған. Мамандар тез арада бөгет шегенделмесе, алапат апаттың болуы мүмкін екенін айтады.
Шұрық тесік, құмда қайраңдап қалған ескі қайықтар. Тұз татығын теңіз тартылғандағы көрініс осындай болатын. Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу жобасы іске асқалы әйгілі айдын арнасына жақындап, төңірек түрленді, әлеумет әлденді. Үдере көшкен жұрт қазір де туған жеріне, ата кәсібіне оралуда.
Мақсұт Әбдікәрімов, Қаратерең ауылының тұрғыны:
- Атыраудан, Маңғыстаудан келіп, осы балықтан нәпақасын тауып, көшіп келіп жатқандар бар. Халықтың тіршілігі осы балыққа қарап отыр. Балық мол болса, халықтың тіршілігі жақсы болады.
Кезінде камбаладан басқасы ілікпей қалған айдында бүгінде балықтың 20-дан астам түрі мекендейді. Бір ғана Арал ауданында қуаттылығы 11 мың тонна болатын 8 балық өңдеу зауыты бар. Өнімі Еуропаға экспортталады. Аралдықтар: «Осынау теңіз байлығынан қайта айырылып қаламыз ба?», –деп алаңдайды.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Осыдан 15 жыл бұрын теңізді бөгеген ғасыр жобасына бүгін де қауіп төніп тұр. Әйгілі «Көкарал» бөгетінің әр тұсын екпіні қатты ағын су мүжіп жатыр. Егер де айтулы гидронысан бұзылар болса, кіші теңізге жиналған 27 млрд текше метр су ұлы теңізге құйылып, жаһандық экологиялық апат орын алуы мүмкін.
Сумен бірге қыруар қаржының да құмға сіңіп кетпеуі үшін Сырдарияның теңізге құяр арнасын қаулаған қамыстан тазартып, бұрынғы ізіне түсіру керек. Сондай-ақ бөгеттің су шайған тұсын қой тастармен шегендеп, қалпына келтіру маңызды. Өзекті мәселемен Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев «Көкарал» бөгетіне арнайы барып танысты.
Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
- Осы дамбаны күшейтуіміз керек. Ол үшін біздің министрлік тарапынан техника экономикалық құжаттамалар дайын болды. Қазір біз ПСД әзірлеуге кірістік. ПСД дайын болғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталады. Үкімет, министрлік тарапынан бұл жобаға қолдау көрсетеміз.
Мамандар бөгетті нығайту жұмыстарын бірер айда бастауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ биыл үлкен теңізге өтіп кетіп жатқан балықтың қырылу мәселесі де шешімін табатын болды.
Әділхан Қарлыханов, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы:
- Қыркүйек айында балық қорғау құрылысы іске қосылады. Германия мемлекетімен келісім бар. Жобасы дайын. Қазір тендерден өткізіп жатырмыз. Мұны да бастаймыз. Сол кезде ешқандай балық өтпейді.
САРАТС-тың екінші кезеңінің де кезегі жақын. «Жоба толық зерделеніп, атқарылатын жұмыстар нақтыланды», – деді министр. Әзірге екі нұсқасы дайын. Соның бірі – тағы бір бөгет салып, теңізді екі деңгейлі ету. Мамандардың пікірінше, осы нұсқасы жүзеге асса, айдын арнасы ұлғайып, Арал қаласына жақындайды, суы тұщылана түсіп, балық өрісі еселеп артады екен.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов