Талдықорғандық өрт сөндіруші еңбек жолында 50 шақты адамды құтқарған
Ол өзінің еңбек жолында өртенген бірнеше мың нысандағы қызыл жалынды ауыздықтаған. Осылайша ержүрек ардагер 50 шақты адамның өмірін ажалдан арашалап қалыпты. Білікті маманның өзі ғана емес, балалары мен келіні де осы құрылымда еңбек етеді.
Нұргелді Қойшыбаев – саналы ғұмырын өрт сөндіру саласына арнаған адам. Жұмысқа қатардағы маман болып келген ол зейнеткерлікке бөлім бастығы болып шықты. 26 жыл ішінде Нұргелді Қойшыбаев өртенген ғимарат ішінен 50 шақты адамды шығарыпты. Қызыл жалынды ауыздықтау барысында өзін де күйік шалған. Бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагер қазір салалық ардагерлер кеңесін басқарады. Жастарға арналған тәлім тәрбиелік шаралар ұйымдастырып, құтқару қызметінің ерекшелігін түсіндіреді.
Нұргелді Қойшыбаев, өрт сөндіру саласының ардагері:
- Бұл – киелі маман. Өртке қарсы қызмет. Сол себепті де осы жерде істеп жүргенімді жастарға үлгі ретінде айтып жүреді. Бір ғимаратта өмір бойы жұмыс істеу тағдырдың жазғаны деп ойлаймын. Осы жерде жұмыс істегеніме байланысты «өмірім бекер өтті» деп ойламаймын.
Сала ардагерінің Диас пен Дархан есімді балалары да әке жолын қуған. Негізгі жұмысымен қатар олар құтқару қызметі бойынша ұйымдастырылатын жарыстарға да қатысып тұрады. Берілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындап, жеңіс тұғырынан көрінген сәттері де аз емес.
Диас Байқонысов, өрт сөндіруші:
- Кішкентай кезімде әкем осы мамандық туралы айтып, неше түрлі техникалармен таныстырып, түрлі адамдарды құтқарғанын айтып отыратын. Соған қызығып, осы мамандықты таңдадым. Өйткені мұнда адамдарды құтқарамыз, сондықтан да осы сала маған ұнайды.
Диастың жары да облыстық ТЖД кадр бөлімінде қызмет етеді. Отбасында ұрпақ сабақтастығын жалғастырар Дінмұхамет атты ұл өсіп келеді. Төрт жастағы бүлдіршін қазірдің өзінде мултфильмнің кейіпкерлерін емес, бейбіт күннің батыры атанған атасын үлгі тұтады.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов