Елордада карантин режимі күшейтілуі мүмкін
Оған себеп – халықтың карантин режиміне бағынбауы.
Алдағы уақытта тұрғындар тиісті талаптарды сақтамай, салдарынан індет белең алатын болса, бас қалада карантин қайта күшеюі мүмкін.
Ауру алқымнан алмайынша, бейқам жүре беретін халықтың қарасы қалың. Төтенше жағдай тоқтағанымен, карантин режимі әлі бар. Көпшілік осыны ескермейді, бетперде тақпайды. Қоғамдық көліктегі тәртіпті бақылап жүрген қызметкерлер осылай дабыл қағуда.
Гүлден Жұмағалиева, бақылаушы:
- «Ешқандай коронавирус жоқ» деп айтады бізге. «Бітті ғой» дейді. Бірақ барлық жерде «Бетпердесіз кіруге тыйым салынады» деп жазылып тұр. Оған ешкім қарап жатқан жоқ. Бағынбайды ғой біздікілер.
Базарлар да ашылды. Сатушылар мен келушілер үшін бірыңғай тәртіп бекіген. Әр сауда нысанында антисептикалық құралдар орнатылған. Талапты орындамаған мекемелер қайта жабылады.
Ерлан Бекмырзаев, Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы:
- Базарлар мен өзге де кәсіпкерлік нысандарын аралап, олардың дайындығын тексердік. Барлығы талаптарға сай. Қажетті антисептикалық құралдармен, маскалармен қамтамасыз етілген. Келушілердің бетперде тағуын қатаң бақылайды. Әрі дезинфекциялық шараларды үнемі жүргізіп тұруі тиіс.
Әуе қатынасы ашылғандықтан, қонақүйлердің де жұмысын қайта жандандыру мәселесі көтерілген болатын. Сондықтан арнайы тексеріс жүргізілді.
Жанна Пірәлиева, Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері:
- Бүгін қонақүйлерді аралап көрдім. Келушілерді қабылдауға дайын екеніне көз жеткіздік. Эпидемияға қарсы барлық іс-шара ұйымдастырылған. Барлығы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай.
Бүгінде бетпердесін қалтасына салып жүріп, талап етілген жағдайда ғана маска тағатындар бар екені жасырын емес. «Осындай әрекет арқылы біз кімді алдап жүрміз?» деген заңды сауал туындайды. Сондықтан тәртіпке бағынбағандар көбейіп, індет жұқтырғандар қарасы артатын болса, карантин тағы күшейтілуі мүмкін.
Авторы: Достық Талғатұлы