Алматы облысының бағбандары суды үнемдейтін технологияға көшті
Шаруалардың тіршілік нәрін үнемдейтін технологияға көшуіне мемлекет көмегі ықпал еткен.
Өйткені тиімді тәсілді қолдануға жұмсаған шығынының 25% Үкімет тарапынан субсидияланады. Мұндай жүйемен қазір көкөніс өсіретін бағбандардың алды өнім алып жатыр.
Бақытжан Достаев төрт ай бойы күтіп баптаған қияр мен қызанағын жинап жатыр. Оның 8 мың шаршы метрлік жылыжайындағы көкөнісі тамшылатып суару тәсілімен өсірілді. Бар технологияны сақтаған бағбан мол өнім алудан үмітті.
Бақытжан Достаев, бағбан:
- 100 тоннадан астам өнім аламыз деп ойлаймын. Неге десеңіз, өзіміздің тәжірбиеміз де асып жатыр. Өнім молынан алып жатырмыз.
Тамшылатып суару әдісін егістік алқаптарында да кеңінен қолдануға болады. Мұндай тәсілдің тиімділігін картоп өсіруді кәсіп еткен Ерсін Құрмашев көріп отыр. Бұрындары ол сағатына 60 текше метр су пайдаланатын. Қазір оның көлемін 5 есеге азайтты. Голландиялық ғалымдармен байланыс орнатқан шаруа 14 гектарға екінші ас атасы саналатын дақылды егіп жатыр.
Ерсін Құрмашов, шаруашылық жетекшісі:
- Тамшылатып суару өз нәтижесін береді. Өйткені суды да көп жұмсамайды. Бұрын адам жалдап, суартатынбыз. Қазіргі заманда ондай жоқ. Себебі тамшылатып суару бәрін өзі істей алады екен. Басқа шаруалар гектарынан 20 тонна алады. Біз 40 тонна аламыз.
Жамбыл ауданындағы 60 гектардан асатын екі алма бағына да интенсивті технология енгізілген. Қос шаруашылық гектарынан 60-70 тонна өнім алуды жоспарлап отыр. Бағбандар алдағы жылдары өнім өңдеу ісін де қолға алмақ.
Серік Камелаш, шаруашылықтың атқарушы директоры:
- Негізгі жоба үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – өнімді өсіру, өсірген өнімді ұзақ мерзімге сақтау. Қазіргі таңда тамшылатып суару арқылы ағаштар өсіп жатыр. Жақсы гүлдесе, биыл 30% өнім аламыз деген жоспар бар. Қазір жұмыс жасалып жатыр.
Суарудың жаңа тәсілі шаруаларға тіршілік нәрін үнемдеп мол өнім алуға мүмкіндік беріп отыр. Соның нәтижесінде бағбандар оңтүстік өңірде азық-түлік белдеуін қалыптастырып, нарықтағы отандық өнімнің үлесін арттырып келеді.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов