Мемлекет қаржысын жымқырғандар анықталды
Алматы облысы Талғар ауданындағы мектептердің бірінде жұмыс істейтін есепші бюджет қаражатын жымқырған. Ол қызметкерлердің жалақысын туыстарына аударғаны анықталды. Шығын 90 млн теңгеден асады. Қазір қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Ал Таразда бұған дейін мемлекет қаржысын жымқырып, сотты болған бөлім басшысының тағы бір қылмысы анықталды. Зият Тұрсынұлы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімін басқарып тұрған кезінде жол жөндеуге бөлінген 34 миллион теңгені ұрлаған. Сот бұрынғы мемлекеттік қызметкерді кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айырды. Еске салсақ, күдікті былтыр тамыз айында 116 млн теңге бюджет қаражатын жымқырғаны үшін қамауға алынған еді.
Ақберген Мүлкіманов, облыс Прокуратурасының басқарма басшысы:
-Тараз қаласындағы 3 көшені орташа жөндеуге бөлінген бюджет қаражатын жасалды деп жалған құжаттарға қолдарын қойған. Жасалмаған жұмыстарға ақша төленген. Қазіргі таңда шыққан үкім бойынша тағылған айыптағы мемлекетке келтірілген 34 миллионнан астам шығын сотталғандармен тергеп тексеру кезінде толық өтелген. Алдыңғы соттылығы бойынша мемлекетке келтірілген шығын өтелмеген.