Елде қаражат жинау тәртібін реттейтін тиісті заңнамалық өзгерістер қажет.
Үкімет отырысында Олжас Бектенов Перизат Қайраттың атышулы ісі бойынша осындай пікір білдірді. Оның сөзінше, қайырымдылық қорларының есебі бақылау мен ашықтықты талап етеді.
Айта кетейік, Перизат Қайрат ісі бойынша сот отырысының екінші күні. «Асар-Үме» қорының президенті қоғам белсендісіне 200 млн теңге аударғанын айтты. Ол қаражатқа Газа секторы тұрғындарына қажетті тауардың сатып алынғаны жөнінде есеп беруі тиіс еді. Алайда Асхат Нұрмашевтің айтуынша, Перизат Қайрат есеп бермеген. Сондай-ақ блогер Олжас Садық та сотта жәбірленуші ретінде сөз алды. Ол Газа халқына гуманитарлық көмек ретінде 83,5 миллион теңге жинап, қаржыны Перизат Қайратқа аударған. Тіпті онымен бірге Әбу Дабиге барып қайтқан.
Куәгердің сөзінше, сапардың барлық шығынын Перизат Қайрат өзі өтепті. Алайда Қазақстанға оралған соң көмек көрсетілгенін дәлелдейтін ресми құжаттарды көрсетпеген.