Таразда келер жылдан бастап су арналары жаппай қоршалатын болды. Себебі елді мекен арасымен өтетін каналдарда қайғылы оқиғалар жиілеген. «Дегенмен жауаптылар бұл жұмыстарға қомақты қаржы қажет», - дейді.
Мерей Бает, тілші:
- Ағысы қатты мына Сеңкібай су арнасы Талас өзенінің суын Байзақ және Жамбыл аудандарының шаруаларына жеткізеді. Ұзындығы 6 шақырымдық канал 5 тұрғын үй алабының ішімен өтіп жатыр. Дегенмен ешбір жерінде қауіпсіздің қоршауы жоқ. Сондықтан тұрғындар жұрттың қауіпсіздігі үшін қоршау салып беруді сұрап отыр.
Тұрғындардың алаңдауы орынды. Себебі Тастақ тұрғын үй алабында қайғылы оқиғалар жылда қайталанады. 30 жылдан бері осында тұратын Серік Таубаев талай оқиғаға куә болған. «Сондықтан қоршау жайы кезек күттірмейтін мәселе», - дейді.
Серік Таубаев, қала тұрғыны:
- 1-2 айдың ішінде осы ауылдың 5 жастағы баласы суға түсіп кетті. Ол ойыншығын түсіріп алғанын алу үшін суға түскен, бірақ біз оны шығарып алдық, бірақ өкінішке орай, бала қайтыс болды. Мұндай жағдайларды алдын алу керек. Су айдындарын жабу дұрыс болар еді, әсіресе балалар ойнайтын жерлерде. Бұл жерде балалар ойын алаңы мен футбол алаңы бар, сондықтан көп бала-шаға келеді.
Тастақпен қоса Қайнар, Мичуринец, Родничок, Ақжол тұрғын алабтарының жұрты да алаңдаулы. Қоршаусыз су арнасы сондағы спорт кешені мен мектеп сияқты әлеуметтік нысандардың маңынан өтеді. Оған қоса канал тұрғын үйлерге жақын орналасқан. Мәселенің маңыздылығын қалалық мәслихат депуттаттары да көтерген. Бірақ әзірге мардымды жауап болмапты.
Талғат Дүйсенов, қалалық мәслихат депутаты:
- 2023-тен бері 4 сауал жазылған болатын. Бірақ нақты жауаптары өкінішке орай келген жоқ. Біз енді өзіміздің қолдауымызды көрсетіп, тиісті мекемелерге сауалдар жіберіп, өтініштер жіберіп, осы мәселені басты назарда ұстап отырамыз.
Жалпы облыста елді мекендердің ішімен өтетін ұзындығы 28,7 шақырымдық 9 канал бар. Оның бірде-біреуі қоршалмаған. Ал жауапты «Қазсушар» мекемесінің мамандары мәселені келер жылдан бастап шешеміз, - деп мәлімдеді.
Ербол Әбдірахманов, «Қазсушар» РМК облыстық филиалының бас инженері:
- Қазіргі таңда осы қоршаулар бойынша Жамбыл филиалында жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Бұл қоршаулардың түрі темір болады. Биіктігі 1,5 метр болады. Бұл жұмысты келесі 2026 жылы қарастырып отырмыз. Қаржы бөлінген жағдайда бірден басталады.
Ауқымды жобаға 500 миллионнан аса теңге керек. Сондықтан республикалық бюджетке өтінім берген. Жоба мақұлданса, келер жылдан бастап су арналарында құрылыс жұмыстары басталады.
Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә