Қарағанды маңындағы саяжай иелері іргедегі асфальт-бетон зауытын жабуды талап етіп отыр. Себебі зауыттан көтерілген шаң-тозаң маңайды түгел ластаған. Бұл аумақта шамамен 500-ден астам саяжай учаскесі бар. Бау-бақшасы бүлінген жұрт жаппай наразы. Айтуларынша, жерге сумен бірге сіңген өндірістік қалдықтан соң жеміс-жидекті тұтыну қауіпті. «Зауыт экологиялық талапты сақтамай отыр», - дейді.
Күйген резеңке иісі мен шаң осы маңдағы 4 бірдей саяжай бірлестігінің берекесін қашырған. Мұнда 500-ден астам саяжай бар. «Көтемде асфальт-бетон зауыты жұмысын бастағалы бұл аумақтың экологиясы күрт бұзылды», - дейді жұртшылық.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Асфальт-бетон зауыты саяжайдан небәрі 50 метр жерде ғана. Ал жұртшылықтың айтуынша, ол кемі 1 шақырым қашықта болуы тиіс. Зауыттан шыққан шаң бау-бақшаға келіп қонады. Салдарынан жеміс-жидек дұрыс өспей, тіпті оның экологиялық тазалығына көпшіліктің күмәні туындаған.
Лидия Чужинова, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Біздің көпшілігіміз зейнеткерміз. Мына саяжайды күнкөріс үшін сатып алдық. Енді бұлай жалғаса берсе, еріксіз тастап кетуге мәжбүр боламыз. Ештеңе дұрыс өспесе, оны ұстап қажеті не?
Тұрғындардың айтуынша, зауыттың рұқсат құжаттары түгел емес. Соған қарамастан кәсіпорын жұмысын жалғастыруда.
Надежда Кравченко, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Қолдарында еш рұқсат құжаты жоқ. Тек экология департаментінен уақытша келісім ғана бар. Зауыт басшыларына тамыздың ортасына дейін уақыт беріпті. Бізді осылай жаз бойы шаң-тозаңның астында қалдырмақ.
Ал зауыт жетекшілерінің айтуынша, кәсіпорында қалдықты сүзетін қондырғы орнатылған. Заманауи сүзгілер ауаға шаң жібермейді дегене уәж айтып отыр.
Карен Ктоян, асфальт-бетон зауытының жетекшісі:
- Зауытта тым ұсақ шаңды жібермейтін сүзгілермен жабдықталған. Осындай 9 мың сүзгі бар. Тек бу ғана ауаға шығады. Экологтар келіп тексерді. Кәсіпорын жұмысы барлық талапқа сай.
Тұрғындар шағымынан соң экологтар зауытқа тексеріспен барып, бір кемшілікті анықтаған.
Темірлан Төлеутай, Экология департаментінің мемлекеттік экология инспекторы:
- Зауыт технологиялық талапты толыққанды орындамай отыр. Ол үшін әкімшілік айыппұл салынды. Оны толық төледі. Енді берілген уақыт аралығында қателігін түзетуі керек.
Кәсіпорын жұмысына санитариялық-эпидемиологиялық департамент өкілдері де тексеріс жүргізген. «Зауыт санитарлық талапты өрескел бұзған. Саяжайға тым жақын орналасқан», - дейді мамандар. Енді ол олқылықты 11-ші тамызға дейін түзетуі тиіс.
Баян Есембаева, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы:
- Бұл қоршаған ортаға 1-ші санатты қауіп төндіретін өндіріс түрі. Сондықтан кәсіпорын тұрғылықты мекенжайдан кемі 1 шақырым қашықта болуы тиіс. Зауыт иелеріне әкімшілік құықбұзушылық бойынша қаулы толтырылып, олқылықты түзету жөнінде ескерту берілді. Енді ол талапты берілген мерзімде орындауы тиіс.
Егер кәсіпорын басшылығы қойылған талапты орындамаса, іс сотқа жіберіледі. Сот шешімімен зауыт жұмысы тоқтатылуы мүмкін.
Руслан Нұрланұлы , Сайран Ақамбаев, Аман Хамит