Алматыдағы сауда нүктелері мен қызмет көрсету орындарында санитарлық талаптар сақталмайды
Ал ескертулерді елемеген кәсіпкерлерге қомақты айыппұл салынады. Санитарлық талаптарға салғырт қарағандар кімдер?
Қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин бастаған тексеру тобы азық-түлік дүкеніне топырлап кіріп келгенде сатушылар тосылып қалды. Барлығы маска киген. Бірақ кейбірінде қолғап болмады. Таңғы уақыт болған соң келушілер аз. Ал көк базар маңында адам көп. Мысалы жұмыс істеуге рұқсат берілген күннен бастап осы тұстағы сән салондары мен шаштараздарға тыным жоқ.
Сән салонындағы санитарлық талаптар сақталған. Әр орындық тұсында антисептиктер тұр. Дегенмен бет әрлеуші мен тырнақ бояушылар маскаларын жиі ауыстырмайтын көрінеді.
Алмас Садуақас, тілші:
- Әрбір шаштараз немесе сән салонындағы орындықтар арасы дәл осындағыдай 1-2 метр болуы шарт. Негізгі санитарлық талап осы. Сондай-ақ әр мекеме, асхана немесе қызмет көрсету орындарында мынандай қол тазлауыш санитайзер тұруы міндетті. Алайда қаладағы барлық мекемеде бұл талап орындала бермейді.
Көк базардың азық-түлік сататын бөлімі карантин кезінде есігін жапқан жоқ. Дегенмен төтенше жағдай режимі өткеннен кейін базардағы санитарлық талапты сақтау тәртібі босаңсыған. Өйткені дәл осы тексеріске дейін бетперде кимеген адамдар көп еді. Ал бүгін барлық саудагердің жаппай маска мен қолғап киіп алғаны уақытша көзбояушылықтай көрінді. Кіреберісте келушілердің дене қызуын анықтайтын тепловизор ұстаған адам жоқ. Адамдар арасындағы арақашықтықты сақтау дегенді мүлде байқамадық. Тіршілік қайнаған базарда бұдан басқа да кемшіліктер анықталды.
Жандарбек Бекшин, Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері:
- Ең басты бұзушылық ол базардың кіреберістерінде тепловизор жоқ. Және де арақашықтық белгілері кейбір орындарда сырылып қалған. Оны жаңарту керек. Тағы да сондай учаскелер бар, табылып жатыр. Сондықтан базар әкімшілігіне айппұл салу үшін Медеу ауданының санитарлық дәрігеріне тапсырма берілді.
Карантин уақытында қауіпсіздікке салғырт қарап, санитарлық талапты ерен санамаған базар әкімшілігіне 4 млн теңге көлемінде айыппұл салынады. Жалпы қала әкімдігінің мониторингтік тобы үш мыңнан астам нысанды тексерді. Оның 91-інде тазалық пен санитарлық талаптардың орындалмағаны анықталды.
Авторлары: Алмас Садуақас, Мұхит Құдықбаев