Хабар телеарнасы

Алматыда авторлық қуыршақтар көрмесі ашылды

Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде авторлық қуыршақтар мен Тедди қонжықтарының халықаралық көрмесі ашылды. Дәстүрлі іс-шараға биыл ел аймақтарынан және Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен келген 50-ден астам шебер қатысты. Бұл қуыршақтар – ойыншық ғана емес, шеберлердің көз майын тауысып жасаған шығармашылық туындылары,- дейді ұйымдастырушылар.

Әрбір қуыршақтың өз тарихы бар, жасалу техникасы да ерекше. Авторлық қолтаңба да байқалады. Полимер, керамика, тоқыма, пластик, табиғи тастардан жасалған шеберлердің жұмысында көркемдік пен техника ерекше үйлесім тапқан. Мысалы, көкшетаулық шебер Анастасия Елисеева көрмеге «Райхан» деп аталатын туындысын алып келіпті.

Анастасия Елисеева, қуыршақ шебері:

- «Райхан» деген қуыршақ мен үшін сондай әдемі, өте нәзік, хош иісті деп айтар едім. Яғни мен қуыршақты жасағанда оны көрген адам белгілі бір затты елестетіндей рең беремін. «Райхан» қуыршағына бір нәзік гүлді, хош иісті, жұмсақ, сондай жайлы нәрсені сіңіргім келді.