Ертіс өңіріндегі карантиндік госпитальдер жабылып, дәрігерлер қауымы отбасына оралуда
Осы себепті Ертіс өңіріндегі эпидемилогиялық жағдай тұрақталып келеді. Карантиндік режим кезең-кезеңмен жеңілдеп, аймақ халқы бұрынғы тірліктеріне оралуда. Облыстың қала-аудандарындағы әлеуметтік, шағын және орта бизнес, өндіріс ошақтарының жұмысы жандана түсті. Жүздеген науқас емделген карантиндік госпитальдер де жабылып, дәрігерлер қауымы отбасына оралды.
Карантиндік госпиталь облыстық шипажай ғимаратының жанынан ашылған болатын. Дәрігерлер екі ай бойы «инфекция жұқтырды» деген күдікпен түскен науқастарды емдеді.
Сәния Сапарова, шаруашылық жөніндегі маман:
- Бізге өте ауыр болды. Осы аурумен, коронавируспен арпалыстық. Бәріміз дос болып, бір үйдің баласындай жұмыс істедік. Көптеген кісіні қабылдадық.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Бұл карантиндік госпитальдің жұмысы санаулы сағаттардың ішінде жасақталды. Екі айдың ішінде коронавирустық инфекцияны жұқтырғандармен байланысты болған 400-ге жуық азамат қабылданды. Аурумен күрескен 20-ға жуық медицина қызметкері туыстарының ортасына оралатын болады.
Әділбек Әбілхақов –жас эпидемиолог-дәрігер. Бір жыл бұрын жоғары оқу орнын тәмамдап, еңбек жолын бастады. Жуырда карантиндік госпитальге жұмыс істеуге шақырту алып, ойланбастан келіскен.
Әділбек Әбілхақов, дәрігер-эпидемиолог:
- Бастапқыда біраз қиналып қалдық. Кейін жұмысымыз реттелді. Бұл жерде 70 төсекке арналған госпиталь орналасты. Енді бөлмелер босап қалды.
Әділбекпен бірге бір топ жас маман еңбекке араласты. Госпитальге алғашқы науқастар наурыз айында түскен. Дәрігерлер қонақүйде тұрып, бірі балаларын, бірі ата-аналарын екі ай бойы көрмепті.
Бүгін жас эпидемиолог маман туғандарының ортасына оралды. Оны кішкентай қызы Аружан мен жұбайы Азиза қарсы алды.
Азиза Әбілхақова, жары:
- Біз Әділбекті көп күттік. Сағындық, уайымдадық, әсіресе қызымыз қатты сағынып жүр. Бірақ қазір уайымымыз сейілді.
Қазіргі таңда Павлодар облысында инфекция жұқтырған 142 азамат дерттен айықты. Тағы 32 адам карантиндік госпитальде ем қабылдап жатыр. Онда екі мыңнан астам дәрігер еңбек етуде.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий