ШҚО-ға қарасты 10 мыңға жуық тұрғыны бар елді мекенде су жоқ
Өйткені қол тұрмақ, ішерге ауызсу жоқ.
Оларға ауызсу тек кестемен ғана беріледі екен. Халықтың айтуынша, оның өзі сапасыз. Әбден ескірген су құбырында тазалық талаптары сақталмайды.
Ал аудан әкімдігі көпқабатты үйлерге келетін су құбырын жаңалауды үш жыл бұрын жоспарлаған. Алайда ол әлі сөз жүзінде қалып отыр.
Дамир Ордаханов, Глубокое аудандық Сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Біз қыста жұмысқа кірісе алмадық. Қазір күн райы бір қалыпқа түскен соң құбырды іске қосамыз.
Бұл – құбырды іске қосу жөнінде аудандық құрылыс бөлімінің басшысының тура екі ай бұрын берген уәдесі. Бірақ проблема сол қалпы. Халықтың әлі кенезесі кеуіп отыр. Су тек кесте бойынша сағатпен ғана беріледі. Сапасы да күмәнді.
Таза болмайтыны: орталық құбырдың 70% ескі. Аудан әкімдігіндегі осы салаға жауаптылар елді мекенге 2013 жылдан бері су жүйесін жаңалау туралы айтып келеді. Бірақ нақты жұмыстың басталатын түрі жоқ.
Роза Рахметова, Белоусовка кентінің тұрғыны:
- Вирус кезінде қолымызды дұрыстап жуа алмаймыз, не дұрыстап тамақ пісіре алмаймыз. Ең бірінші проблема осы су болып отыр. Көмек сұраймыз.
Тұрғындар ескі құбырдың суы сапасыз болса да, тоқтаусыз берілуін өтініп отыр. Өйткені күн ысығанда көршілердің бір-бірінен су сұрайтын кездері болады.
Людмила Архипова, Белоусовка кентінің тұрғыны:
- Қазір вирус жұқпау үшін қолды жиі жуу керек деп жатыр. Бірақ су жоқ болса, қалай жуамыз? Ал су берген кезде шүмектен тот араласқан батпақ ағады.
Батпақ аралас судың кесірінен істен шыққан тұрмыстық техникаларын тұрғындар үйлердің кіреберісіне тізіп қойыпты. Жөндеуге де келмейді. Ал құбырдағы қысым аз болғандықтан, көпқабатты үйлердің жоғарғы жағына су көтерілмейді. Сондықтан тұрғындар ұзын сорғыны да пайдаланады. Елді мекендегі жалпы су құбыры 118 шақырым болады. Осы ауқымды жұмысты ерте көктемде бастауға ауа райы кедергі келтірсе, мамыр мен маусымда елдегі эпидемиологиялық ахуал кедергі келтіріп отыр екен. Осылайша жылдан жылға, айдан айға созылып келеді.
Анатолий Ташниченко, Белоусовка кенті әкімінің міндетін атқарушы:
- Қазақстан бойынша төтенше жағдай жарияланғандықтан, жұмысты уақытында бастай алмадық. Ал қазір карантин. Шектеулер алынған бойда су құбырын тартуды қолға аламыз.
Құбыр тартуды қолға алып болғанша, тұрғындар орталық жүйеден келген суды арнайы сүзгі қойып пайдалана тұрмақ. Өйткені судың да сұрауы бар.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин