Жүйке жүйесінде ауытқуы бар балаларды ұрып-соққандар жазасын алады
Мекеме қызметшілері мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдерді ұрып-соққаны белгілі болды. Бұл сорақы оқиға жаға ұстатарлық. Мекеме мамандары кембағал балаларды түнгі уақытта төсекке байлап қойғанымен қоймай, босатуды ұмытып кетіп отырған. Бүгінгі күні үш санитар 3,5 жылға бас бостандығынан айырылу жазасына кесілді. Бұл жағдай прокурорлық тексеру кезінде әшкереленіп отыр.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Қаланың шетінде тұрған ғимаратқа 2017 жылы облыстық балалардың психоневрологиялық орталығы көшіп келді. Бұл – қаланың өндірістік аумағы. Айналаны түрлі кәсіпорындар қоршап тұр. Ол аз дегендей, дәл жанында жанар-жағармай қоймасы орналасыпты.
Ал қарсы бетте түзету мекемесі тұр. Прокурорлар: «Заң жүзінде әлеуметтік-медициналық орталықтар қала ішінде орналасуы керек», –дейді. Жүйкесі сыр берген бүлдіршіндерді бейімдеу орталығы өндірістік ғимаратта орналасқан. Жылу жүйесі электр қуатына тәуелді. Егер жарық сөнсе қыстың күні жылусыз қалады. Суды арнайы қазылған құдықтан алады. Медициналық қызмет көрсетуге лицензия тек 2019 жылы беріліпті. Бірақ балаларға жан жарасынан, тән жарасы ауыр тиген.
Асхат Қоқымбаев, облыстық прокуратураның басқарма басшысы:
- Балаларға жұдырық жұмсау тұрақты түрде болған. Ұйықтар алдында төсекке байлап, оянғанда шешуді ұмытқан. Облыстық прокуратура осы деректерге қатысты 18 қылмыстық іс қозғады. Қазіргі кезде оның төртеуіне сот үкімі шықты. Бір қылмыстық іс соттың қарауында. Қалған 13 іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
Жанары жасқа толған Ольга Копущу баласының келешегіне алаңдайды. Ол алты жасар ұлын осында әкеліп, тапсыруға мәжбүр болған. Айтуынша, науқасы ауыр. Бірнеше күн ұйықтамайды. Айналасындағының бәріне соқтығысады. Дүние-мүлікті қиратып тастайды. Ол бауыр еті баласына күнара келіп тұрады екен. Орталық қызметшілері балаларға жақсы қарайтынын айтып, ағынан жарылды.
Ольга Копущу, ата-ана:
- Шектен шыққан жағдайлар болды. Бұл қылмысты ешкім жоққа шығармайды. Ата-аналар науқас балаларына шамалары келмеген соң, осында әкеледі. Олармен жұмыс істеу өте қиын. Кейде мәжбүрлі түрде осындай қадамға барады. Қазір жағдай тұрақталып келеді. Бірақ қызметкерлер өздеріне тағылған айыптармен келіспейді. «Қинады, теперіш көрсетті»деген бос сөздер. Мен барлық баланы білемін. Көңілдері көтеріңкі. Қашан келсең, ойнап жүреді. Қонақтарды жақсы қабылдайды.
Бұл жағдайды Nur Otan партиясы бақылауға алды. Жауапты басшыларға тиісті шаралар қолданамыз дейді.
Олег Костенко, Nur Otan партиясы ОФ партиялық бақылау комитетінің төрағасы:
- Біз нақты осы мекеме басшысын және оған жауапты басқарманың жетекшісін жауапкершілікке тартамыз. Оларды партия құрамынан шығаруға шешім қабылдамақпыз.
Жергілікті атқарушы билік орталықты өндірістік аймақтан қалаға көшіруді жоспарлап отыр. Қазір оның жобалық-сметалық құжаттары дайындалу үстінде. Жаңа жылды балалардың психоневрологиялық орталығы жаңа қоныста қарсы алуы ғажап емес.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий