5 маусым – Экологтар және қоршаған ортаны қорғау күні
Негізгі мақсаты – халықтың назарын қоршаған ортаның проблемаларына аудару. Экологиялық мәселелер Қазақстанда да жоқ емес. Сондықтан өңірлерде қоршаған ортаның амбассадорлары сайланған еді. Олардың қызметі қалай жүріп жатыр?
Ақтаулық экологиялық амбассадор Әділбек Қозыбақов 17 жылдан бері қарт Каспийдің экологиялық проблемаларын шешуге атсалысып келеді. Қаракөл көлі мен ондағы аң-құстарды сақтап қалуға күш салып жүр. Мұнда құстың 175 түрі мекендейді. Оның 22-сі Қызыл кітапқа енген. Экологиялық амбассадор аққу, қоқиқаздардың жойылып кетпеуі үшін бұл көлді қорғауға алып, оған халықаралық мәртебе беру керек деп санайды. «Табиғатты сақтаймыз десек, экологиялық туризмге мән берейік», – дейді ол.
Әділбек Қозыбақов, экологиялық амбассадор:
- Біріншіден, көлді сақтап қалуға ықпалын тигізеді. Екіншіден, қазақстандық және шетелдік туристерді тартуға да көмектеседі. Құстарды бақылаушылар және тамашалаушылар, қаламыздағы студенттер, мектеп оқушылары, олар үшін Қаракөл көлі үлкен бір аспан астындағы зертхана болып табылады. Мысалы биология, география, экология пәндері бойынша сол жерге келіп, практика сабағын жүргізе алады.
Бір тал кессең, он тал ек. Павлодарлық Юрий Гашек өзінің жақтастарымен бірге осы уақытқа дейін 10 мыңнан астам ағаш егіпті. Бұрын бос жатқан жерде қазір жасыл желектің неше түрі өсіп тұр. Өздері тәлімбақ та ашқан. «Бақыт мектебі», «Махаббат» және «Жеңіс бағы» секілді жобаларды қолға алған.
Юрий Гашек, экологиялық амбассадор:
- Жер – тірі организм. Ал біз оны аяусыз пайдаланып жатырмыз. Азық-түлік, ағаш, су, қазба байлықтарының бәрін алып, орнына қоқыстан басқа түк бермейміз. Біз табиғатпен етене өмір сүруді үйренуіміз керек. Ауа ластанып, су уланса, біз қалай өмір сүреміз?!
Алматылық Тимур Елеусізов халықтың экологиялық санасына ықпал етсем деп армандайды. Ол – республикалық «Эко сақшы» қозғалысының жетекшісі. Жеке және заңды тұлғалардың, тіпті мемлекеттік органдардың табиғатқа қырын қарағанын көрсе, дереу дабыл қағады. Қазір Тимур бастаған алматылықтар Алатау ауданында 35 мың қарағай егуді жоспарлап отыр.
Тимур Елеусізов, экологиялық амбассадор:
- Өзімізден кейін балаларымызға қандай елді, қандай жерді қалдырамыз? Осы жөнінде көп толғандым. «Анау кінәлі, мынау кінәлі» деп жатпай, өзім бастап, өзгелерге үлгі болғым келді. Егер жас ұрпақ ата-аналарының табиғатқа жанашырлықпен қарайтынын көрсе, өздері де өскенде экологияға қамқорлық жасайтын болады.
Аружан Сахариянова, эковолонтёр:
- Мен өзім зерттеген мәліметтермен бөлісе аламын. Ең тиімді жолы – халықты ақпараттандыру. Адамдар экологиялық проблемалардың маңыздылығын сезінсе, олар мұндай қадамға бармайтын болады.
Қазақ халқы үшін Жер – бағзы заманнан қастерлі ұғым. «Жер Ана» деп ерекше ілтипатпен айтатынымыз да сондықтан. Өз анамызға қандай қамқорлықпен қарасақ, қоршаған ортаға да сондай жанашырлық жасау – әрбір азаматтың борышы.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Гүлмира Әбішева, Марат Игіліков