БҚО-да індет ушығып барады
Ал Атырауда коронавирусқа шалдыққандардың саны 1 213-ке жеткен. Маңғыстау облысында да дерт дендеп тұр.
Сондықтан үш өңірде карантин шаралары күшейтілді. Бірнеше мекеменің жұмысы тоқтатылды.
Атырауда қауіпті індеттен тағы бір адам көз жұмды. 72 жастағы Құрманғазы ауданының тұрғыны 4 маусым күні COVID-19-ға сынама тапсырған. 6 маусымда талдау қорытындысы оң нәтиже беріпті. Науқасты облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырмақ болғанда, жағдайы күрт нашарлаған. Марқұм бұған дейін артериялық гипертензиямен, бауырдың асқынуы және созылмалы панкреатитпен ауырыпты. Өңірде қауіпті індеттен осымен үшінші адам қайтыс болды.
Ержан Қалымбайұлы, облыс әкімінің баспасөз хатшысы:
- Науқасты облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстыруға дайындаған болатын. Бірақ жағдайы күрт нашарлап кеткен соң мүмкіндік тумады. Дәрігерлер жүрек-өкпе реанимациясын жасады. Өкінішке қарай, науқас қайтыс болды.
Мұнайлы өлкедегі індеттің бетін қайтару үшін саябақтар мен алаңдар түгел жабылды.
БҚО-да базарлар тек түске дейін жұмыс істейді. Қоғамдық көліктердің қозғалысына да шектеу қойылды. Автобустар таңертең 3 сағат және кешке 4 сағат қана қатынайды. Екі аудан орталығы мен 3 ауыл карантинге жабылды. Қазіргі таңда аймақта бойынан вирус анықталғандар саны 818-ге жетті. Ауырғандардың 42-сі – 14 жасқа толмаған балалар. 4 науқас өкпені жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған.
Болатбек Қаюпов, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Облыс бойынша 2 адам коронавирус инфекциясынан қайтыс болды. Стационарлық емдеуде 143 пациент жатыр. Оның 8-і – бала, індеттің жеңіл түрімен 52, орташа түрімен 78, ауыр түрімен 7 адам ем қабылдауда. Қазіргі таңда БҚО бойынша 407 адам стационардан шығарылды. Оның 368-і емделіп шықты.
Мамандардың айтуынша, ауру жұқтырғандар санының күрт көбеюіне азаматтардың немқұрайлығы себеп болған.
«Маңғыстауда да тұрғындар жеңілдету шараларын дұрыс түсінбей отыр», – дейді облыстың Бас санитар дәрігері. Өткен аптада ғана ашылған моншалар мен 30 орындықтан асатын мейрамханалардың жұмысы қайтадан тоқтатылды. Себебі дәмхана мен мейрамханада тек тамақтану үшін емес, той өткізіп, қуанышын өзгелермен бөлісетіндер көбейіп кеткен. Өткен айда шалғайдағы аядай ғана Сенек ауылының 30 тұрғынынан вирус анықталған болатын. Барлығы да бір жерде өткен жиыннан ас ішкен. «Аузы күйген үріп ішеді» демекші, осыдан кейін той тойлап, отбасылық жиын өткізуге қатаң тыйым салынды.
Ерғали Сыдыманов, облыстың Бас мемлекеттік санитар дәрігері:
- Балаларға арналған аттракциондарды ойнасын деп аштық. Оны халық дұрыс түсінбей отыр. Балаларға ешкім қарап жатқан жоқ. Қазіргі таңда өлім-жітім көбейіп жатыр. Республика бойынша оның ауыр түрлері де кездесуде. Індеттің симптомсыз түрлері көп. Соған байланысты шектеулер қойып жатырмыз.
Мемлекеттік қызметшілердің 80% қашықтан жұмыс істеуге жіберілді. Егер үйде отырған мемлекеттік қызметшіден вирус анықталатын болса, сол мекемені басқаратын бірінші басшы жауапқа тартылады. «Мемлекеттік қызмет істері департаментімен осындай келісімге келдік», – дейді облыстың Бас санитар дәрігері. Аймақта мобильді топтар жұмысы күшейтіледі. Санитарлық дәрігерлер прокуратура, полиция, әкімдік және кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері күн сайын барлық нысанды аралап, рейд жүргізеді.
Гүлмира Әбішева, тілші:
- Енді кез келген қала тұрғыны осы мобильді топтың мүшесі бола алады. Карантин ережесін бұзғандарға қатысты сенім телефоны іске қосылды. Кафеге, базарға барғанда, автобуста жүргенде, көшеде болсын, қандай да бір заң бұзушылық байқасаңыз, фото немесе бейнежазбаға түсіріп, күні және сағатын белгілеп, аудан, қала атауын жазып сенім телефонының WhatsApp желісіндегі чатына жіберуіңізге болады.
Сенім телефоны: 8-747-654-04-59.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев