БҚО қарғын су құрсауында қалды
БҚО-да толассыз жауыннан кейін дариялардың деңгейі күрт көтерілді. Қырдан құлаған қызыл су Қаратөбе, Теректі, Тасқала аудандарында бірнеше ауылды басқан. Ал Орал қаласында төтенше жағдай жариялау туралы қаулы қабылданды. Жағдай Ақтөбе, Қостанай облыстарында да мәз емес.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Күннің күрт жылынуына қоса толассыз жауған жаңбырдың кесірінен Оралдың көшелері кешелі бері көлкіген суға толды. Облыс орталығында 15 жеке тұрғын үйге су кірген, 5 көпқабатты үй мен 3 әлеуметтік нысанның жертөлесін су басқан. Бір қызығы солардың қатарында қалалық әкімдіктің ғимараты да бар. Тасқынға тосқын қоюы тиіс әкімдіктің өзі суға кеткені ұнамады ма, әлде шаһарда шынымен ахуал ауыр ма? Аймақ басшысы Нариман Төреғалиев қала әкіміне қатаң сөгіс жариялады. Білім беру, денсаулық сақтау басқармаларының басшылығы ескертумен құтылды.
Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:
- Қала әкіміне қатаң сөгіс жариялаймын және де екі департамент басшысына ескерту. Кеше кезекшілік болмады мекемелерде, ешқандай жауапты адамдар болған жоқ. Сонымен қатар балалар ауруханасының басшысын жұмыстан босатуды тапсырамын. Бүгінгі жағдай біздің әлі де жауапкершілігіміздің төмендігін көрсетіп отыр.
Қатаң шара қозғау салды ма, қала басшылығы жергілікті маңыздағы төтенше жағдай жариялау жөнінде қаулы қабылдады. Төтенше жағдай аудандарда да енгізілуі мүмкін. Соңғы тәулікте Тасқала ауданында Шежін өзені бір тәулікте 237 см-ге көтерілген. Соның салдарынан Мереке ауылында 4 үйді, Теректі ауданының Аңқаты ауылында 16 үйді су басып, 27 тұрғын мектеп-интернат ғимаратына көшіріліпті. Подстепное ауылында да ондаған үйге су кірген. Ал Қаратөбе ауылында тұтас ауыл су астында қалды. Жақсыбай өзені тасуы салдарынан Аққозы ауылы сыртындағы бөгет бұзылып, ауылдағы үйлер түгелге дерлік суға кетті. Қазір бала-шаға мектепті паналап отыр.
Нұрболат Кенжеғалиев, Аққозы ауылының тұрғыны:
- Қора-қопсылар құлап жатыр. Үйлерге кіріп жатыр. Әйелдер мен балаларды трактормен жинап мектепке алып кетті. Бәрі суда қалып қойды. Бөгеттен әлі келіп жатыр, ауылдың іші теңіз болып кетті. Қозы-лақтар бәрі суға кетіп жатыр. Ауылда 125-130 үйдің бәрі суға кетті. Енді қайтадан үй болмайтын шығар, құлап жатыр алды.
Қостанай облысындағы Арқалық қаласына қарасты Екідін және Қызылжұлдыз ауылдары да қарғын судың ортасында қалды. Қазір тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр. Соңғы тәулікте бұл аумақта су деңгейі екі метрден асты. Су басқан аумаққа қайық және тікұшақпен ғана жетуге болады. Осы уақытқа дейін Қызылжұлдыз ауылынан жүз шақты адам Қайыңды ауылына көшіріліпті. Одан бөлек су ортасында қалған қыстақтардан 24 адам шығарылды.
Ресми мәліметке сүйенсек, Екідінде 240, Қызыл жұлдызда 185 адам тұрады. Аманкелді ауылында да қар суының беті қайтар емес. Кеше елді мекендегі 12 үйді су басса, қазір олардың саны қырыққа жеткен. Ауылдағы мектеп-интернатта 45 орындық эвакуациялық пункт ашылды.
Қайрат Қасым, Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:
- Қанша аула, үйлерді су басқандығын есептеп жатқан жоқпыз. Біздің негізгі мақсатымыз – адамдарды құтқару. Қайғылы жағдайға жол бермеу. Барлық қайық, тікұшақ, жол талғамайтын көліктерді осы мақсатқа жұмылдырып отырмыз.