Қостанай облысында қала тазалығы қатаң бақыланады
Одан кейін бұл мәселені қала басшылығының құлағына шалыныпты. 3 күн ішінде қоқыс жәшіктерінің айналасында тау-тау болып үйілген тұрмыс қалдықтары толық шығарылды. Редакциямызға хабарласқан әкімдік өкілі осылай деді.
Бір апта бұрын Октябрьдің 40 жылдығы көшесіндегі алаңда күл-қоқыс тау болып үйіліп жатқан. Қазір біршама тазарып қалған. Бірақ тұрмыс қалдықтары әр жерде әлі де шашылып жатыр. Келесі қоқыс орны шынымен адам танымастай өзгеріпті. Аула сыпырушы тап-тұйнақтай етіп маңын жинап жүр. Көзге оғаш көрінгені – жергілікті тұрғындардың салақтығы. Олар қоқысты таяқ тастам жердегі жәшікке жеткізбей, сөмкені қасына тастай салған. Гагарин көшесіндегі қоқыс алаңы да жайнап тұр. Мұнда тіпті қоқыс жәшіктерін де сырлап қойыпты. Қалалық әкімдік өкілі қоқыс шығаратын компания өз міндетін толық атқарып үлгере алмай жатқандықтан, басқа кәсіпорындарды тартуға тура келгендігін айтты.
Әнуар Есқатов, Рудный қаласы әкімінің орынбасары:
- Бүгінгі таңда қаладағы 132 қоқыс алаңын үш күннің ішінде тәулік бойы жұмыс істеп, толық тәртіпке келтірдік. Мен бұл тұста қоқыс жәшіктерінің айналасында бейберекет төгілген тұрмыс қалдықтары туралы айтып отырмын.
Алайда бәрі ол айтқандай болмай шықты. Мысалы, Парковый көшесіндегі қоқыс төгетін орын балалардың ойын алаңына жақын орналасқан. Бұл жерде үймелеген шыбын-шіркей күні кеше пайда болмағаны анық.
Әнуар Есқатов, Рудный қаласы әкімінің орынбасары:
- Иә, ондай кінәраттар бар. Оның бәрі – жекелеген тұрғындардың жауапсыздығының салдары. Енді оларды жауапқа тарту ісін қарастырып, жүйелі жолға қоямыз.
Айналаны ластаушыларды қолынан ұстап алу, әрине, қиын. Қазір полиция қызметкерлері оларға қарсы күресті күшейте түскен. Соңғы 5 айдың ішінде 260 қала тұрғынына айыппұл салынған.
Гүлнар Жүнісова, Рудный қалалық ЖПҚ басшысының орынбасары:
- Бұл бүгінде өзекті мәселеге айналып отыр. Демалыс күндері қосымша күштерді тартамыз. Жалпы Әкімшілік кодекстің 505-бабы бойынша құқықбұзушылықты анықтау – учаскелік инспекторлардың міндеті.
Бірақ №3 мектеп жанындағы шеткі үйлердің тұрғындары айыппұл, ескертулерді ескере бермейтін сияқты. Контейнер маңайындағы қоқыс үйінділері мұнда үйреншікті жағдайға айналғандай.
Олег Ерёменко, қоқыс тасымалдайтын көлік жүргізушісі:
- Тағы үйіп тастапты. Кеше ғана жинап, шығарып едік. Адамдар жүк көлігін көріп тұрса да, жерге лақтырады. «Бос контейнер тұрған жоқ па?» десең, түсінбейді.
Рудныйда таяу араларда экологиялық патрульдер жұмысын бастайды. Жастар қоқыс орындарын бақылауға алмақ. Оның сыртында бейнекамералар орнатылады. «Бірақ тұрғындардың санасында бір өзгеріс болмаса, мына бейнетүсірлімге қарап отырып, оның бәрі бекершілік пе?», – деп қаласың.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мухамедьяров