Алматыдағы теміржол вокзалдары карантин талаптарын жеңілдетудің 2-кезеңіне көшті
Алматы-2 теміржол вокзалының қызметкерлері де келушілерді тепловизормен күтіп алады. Вокзал өз жұмысын 1 маусымда бастаған. Ол күнмен салыстырғанда қазір адамның көптігі бірден байқалады. Алғашында шығарып салушыларға вокзал ішіне кіруге болмайтын. Ал енді олардың бекетке және вагонға кіруіне рұқсат берілді. Оған әсіресе үлкен кісілер риза.
Ерұлан Зәкірин, Алматы қаласының тұрғыны:
- Бауырым шығарып салуға келді. Алпыстан асқанбыз. Жүкпен жүру қиын.
Теміржол – ел экономикасының күретамыры, алысты жақындататын көлік құралы. Алматы-Петропавл, Алматы-Нұр-Сұлтан бағытына тағы екі пойыз қосылды.
Мәди Төлепбеков, Алматы-2 теміржол вокзалының бас инженері:
- 1 маусымда жұмысты бастаған кезде пойыз көп болған жоқ. Әуелі 7 пойыз ғана жүрді. Бірте-бірте олардың қатары артып келеді. Тағы екі бағыт қосылды. Осылайша басқа қалаларға 13 пойыз жүріп жатыр. Жалпы біздің вокзал карантинге дейін 24 пойызға қызмет көрсетіп келген.
Әзірге санитарлық талаптар сол күйінде қалады. Вокзалға маскасыз кіруге болмайды. Орындықтардың арасы да алыс. Ал дене қызуы бар жолаушы анықталса, бірден медициналық пунктегі карантин бөлмесіне жеткізіліп, жедел жәрдем шақырылады. «Жолаушылар бұл талаптың бәрін білеміз», – дейді.
Шәмшия Өміржанова, Алматы қаласының тұрғыны:
- 1-1,5 метр арасында кезекте тұратындай талап қою керек. Ең бастысы қолды жуу қажет. Антисептик, маска бар.
Пойызға отырғызу бұрынғыдай жүруге 40 минут қалғанда басталады. Жолаушылар туысқандарын сағынды ма, әлде үлгермей қаламыз деп қорықты ма, әйтеуір пойыз келгенде арақашықтықты сақтауды ұмытып кетті.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Айдар Әбдешов