Мемлекет және қоғам қайраткерлері Тұңғыш Президентке жылы лебіздерін білдіріп жатыр
Нұрлан Оразалин, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы:
- Бұл шын өмірімізге келген бір қатерлі дерт екенін біз бәріміз мойындап отырмыз. Сондықтан осындай кезеңде 30 жыл өмірін, саналы ғұмырын Алаш жұртының ұлы байтағын аяғынан тұрғызуға, қазақ елін Тәуелсіз мемлекет болып қанаттанып кетуіне бойындағы бүкіл қажыр-қайратын, күш-қуатын жұмсаған осындай тұғырлы тұлғаның бүкіл ел болып, жұрт болып, халық болып тезірек сауығып кетуін бірінші Алладан сұрауымыз керек. Екінші рухы, ішкі қуаты мықты, талай күресті, талай от пен суды көрген Нұрсұлтан Әбішұлының өзіне сенуіміз керек деп ойлаймын.
Сәт Тоқпақбаев, ҚР Мемлекеттік қайраткері:
- Коронавирус адам таңдап жатқан жоқ. Онымен қарапайым халық та, Мемлекет басшылары да сырқаттанып жатыр. Өкінішке қарай біздің елге де жеткен аурумен Елбасымен бірге мемлекет қайраткерлері де ауырып жатыр. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз әрдайым Қазақстан халқымен біргесіз. Дәл осы қиын кезеңде де Сіздің халықпен бірге екеніңізді осы жағдай көрсетіп жатыр. Ел болып бұл індетті де жеңеміз. Сіздің де күш-қайратыңызға сенеміз.
Бибігүл Төлегенова, КСРО халық артисі:
- Сізге тезірек жазылып шығуыңызды тілеймін. Деніңіз сау болсын, өміріңіз ұзақ болсын! Ешкімге мына ауру жақын келмесін.